МТРА жаңалықтары

Тоқушы мектеп-гимназиясының шатыры опырылып түсті

Бұл видео кешеден бері барлық әлеуметтік желілерге таралып кеткен. Петропавл жылу электр орталығындағы апаттан кейін есін жия алмай отырған солтүстікқазақстандықтарды бұл оқиға да дүрліктіргені рас. Ең бастысы, зардап шеккендер жоқ. Опырылып түскен мектептің акт залы ғимаратқа жапсарлас орналасқан екен. Айта кету керек, 65-ші жылы салынған білім ұясында бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков нысан апаттық деп танылмаған және төбесінің құлауына өзге себептер бар деп отыр.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Апаттылықтың сыртқы белгілері байқалмағандықтан, жұмсақ шатыры жарамсыздыққа жеткен. Опырылудың алқашқы себебі – қабырғаның отыруы мен шатырдың ағуы. Қазір арнайы комиссия құрылды. Олар зерттеп, нақты себептері анықталады.

Айта кету керек, өткен жылы мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған 12 млн теңге жұмсалыпты. Бір қызығы, оқу жылы басталмас бұрын мектептерді қабылдайтын комиссия да ғимаратта ешқандай ақауды байқамаған. Бір қызығы, комиссия құрамына құрылыс саласының мамандары кірмейді. Мектепте 293 бала білім алады. Олар осы апта бойы қашықтан оқытылады. Биыл аталған мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оған 144 млн теңге бөлінген. Жалпы, бүгінде өңірде апаттық деп танылған 3 оқу ошағы бар. Олардың 2-уінің орнына қазіргі таңда жаңалары бой көтеруде, тағы бірінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Магжан Ахмадина