Су тасқыны

Сумен қамтушы кәсіпорынның суды тазалаудағы қауқары

Бұл – “Қызылжар су” серіктестігінің фильтрлік станциясы. Аты айтып тұрғандай мұнда Есіл өзенінен келген су сүзгіден өтіп, жіті тазартылады. Кәсіпорында мұндай 7 қондырғы жұмыс істеп тұр. Жетеуінен тәулігіне 100 мың текше метр ауызсу өтеді.
Тіршілік көзі – Есіл өзеніне жан-жақтан ағынды су келіп құйғанның өзінде соның бәрін тазалап алуға қауқар жетеді дейді кәсіпорынның технолог маманы Лариса Аширова.

Лариса Аширова, “Қызылжар су” ЖШС су тазартқыш ғимаратының технологы:

– Есіл өзенінің мұзы еріп, арнасынан тасыған жағдайда ондағы тіршілік нәрінің мөлдірлігі 10 есеге төмендейді. Сол себепті, біз суды тазартып, сүзгіден өткізетін арнайы реагенттің тиісті көлемін сатып алдық.

Қысқы уақытта Петропавлды түгелдей ауызсумен қамтамасыз ету үшін мұнда тәулігіне 30-40 мың текше метр су тазартылады. Ал жазда тұрғындар тарапынан тіршілік көзіне деген сұраныс 2 есеге артады екен. Ал мынау – кәсіпорынның орталық зертханасы. Яғни, сүзгіден өткен суға осы жерде талдау жүргізіледі. Мәселен, қазір таңғы сағат 9-да серіктестікте фильтрленген су сілтіге тексеріліп жатыр.

Галина Тюменева, “Қызылжар су” ЖШС орталық зертханасының меңгерушісі:

– 100 миллилитр суды арнайы ыдысқа құямыз. Кейін индикатор қосамыз. Суымыз жасыл түске боялды. Қазір қышқыл ерітіндісін қосқан кезде тіршілік көзі қызғылт түс алады. Осылайша қанша қышқыл кеткенін есептеп, суды сілтіге тексереміз. Сілті судың дәміне де, сапасына да әсер етпейді.

Жалпы, зертханада күнделікті осындай 40-тан астам талдау жұмысы жүргізіледі. Әзірге, су әр сағат сайын тексеріледі. Ал тасқын басталған кезде зерттеулер жиілей түседі екен.

Галина Тюменева, “Қызылжар су” ЖШС орталық зертханасының меңгерушісі:

– Су 4 сағат бойы зерттеледі. Егер нормадан тыс құбылыс байқалса оны технологқа жеткіземіз. Маман тиісті шара қолданып, мәселені шешеді. Кез келген жағдайда қалаға таза әрі сапалы ауызсу таратылады.

“Қызылжар су” серіктестігі су тасқыны алдында тиісті әзірлік жұмыстарын пысықтап алған. Кәріз құдықтары мен сорғы станциялары тексеріліп, жөндейтіні жөнделген. Яғни, алдағы уақытта ауызсудың таралуына қатысты мәселе туындамайды деп сендірді мамандар.

Алдияр Айтпаев