Спорт

Қызылжар ауданының жас таеквондошылары ел чемпионатынан олжалы оралды

8 жастағы Илья Сапрыгин үшін бұл алғашқы сайыс. Әлі қанаты қатайып үлгермеген жас спортшы үшін, әрине, қобалжулы сәт. Дегенмен, батыл Илья барын салды. 2 қарсыласын – оның бірі осалдау, екіншісі өзінен де мықты болса керек – екеуін де жеңіп, қанжығасын күміс медальмен майлады.

Илья Сапрыгин, Шаховское орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– 2 қарсыласымның бірі менен мықты болғандықтан оған соққы беру қиынға түсті. Бұл менің алғашқы сайысым болғандықтан қобалжыдым. Жалпы, ерекше әсер алдым. Алға қойған мақсатым – қара белбеу алып, өзімді спортшы ретінде шыңдау.

Айгерім Қабдол да жарыста жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ол да мұндай деңгейдегі сайысқа алғаш рет қатысқан. 14 жасар жеткіншек қола медальға ие болды. Спорттың осы түрімен айналысып жүргеніне небәрі 6 ай болған.

Айгерім Қабдол, Шаховское орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Үйірме жайлы естіген кезде бірден келдім. Себебі, бұл спорт түрімен айналысуды бұрыннан армандадым. Қарсыластарым Шымкент қаласынан болды. Келесі жолы 1-ші орынды алуғы тырысамын.

Шаховское ауылындағы таэквондо үйірмесінің ашылғанына жарты жылдай уақыт өтіпті. Қазір мұнда 17 ұл-қыз жаттығып жүр. Әзірге, спортзалға қажетті құрал-жабдықтар толық көлемде жеткізілмеген. Тек шлем мен қолғаптар ғана бар. Талантты жастар қолда бар дүниелермен барынша жаттығып, бапкерлерінің үмітін ақтауға тырысып-ақ жүр.

Мәжід Исаев, жаттықтырушы, Қызылжар ауданы:

– Жастар өте талантты, талпыныстары жоғары. Олар бұрын ешқандай жарысқа қатыспаған. Дайындалғандарына 6-ақ ай болды. Соған қарамастан республикалық турнирге барып, жоғары нәтиже көрсетті. Сайысқа келген спортшылар бізден әлдеқайда тәжірибелі әрі мықты болды.

Жалпы, мектеп жанынан ашылған үйірме 8 бен 14 жастағы жеткіншектерге арналған. Тараздан толағай табыспен келген жас спортшылар енді Алматыда мамыр айында өтетін додаға дайындалып жатыр.

Самал Жунусова