МТРА жаңалықтары

Абаттандыру ережелерін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Абаттандыру ережелерін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан петропавлдық тәртіп сақшылары қала келбетіне нұқсан келтірген тұрғындарға қатысты мың жарымнан астам хаттама толтырған. Оның басым бөлігі – ескерту.

Көктем келіп, қар еріп еді, ақ ұлпаның астында жатқан қоқыс бірден көзге түсуде. Қазір учаскелік инспекторлар көше мен аулаларды аралап жүр. Тәртіп сақшылары жер үй тұрғындары мен кәсіпкерлерді тазалық шараларын қолға алуға шақыруда. Полиция қызметкерлері жадынамалар таратып, абаттандыру ережелерін бұзған адамдарға әкімшілік жауапкершіліктің барын ескертіп жатыр.

Сейілбек Елжасов, қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары:

– Учаскелік инспекторлармен үнемі рейд өткізіледі. Жыл басынан ЖПҚ полицейлерімен 1503 хаттама толтырылды. Оның 1492-сі – ескерту.

Тәртіп сақшылары тұрғындар мен кәсіпкерлерді санитарлық тазалыққа немқұрайлы қарамауды сұрайды. Жиналған қоқысты тек заңдастырылған алаңдарға төгу қажет. Әйтпеген жағдайда опық жеп қалуға болады. Жыл басынан абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 3600-ден аса адам солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Эльмира Садвокасова