COVID-19: Қазақстан

Коронавирус жұқтыру жағдайлары азаюда

Өткен жылдың соңы мен ортасында аталған модульдік инфекциялық аурухананың барлық бөлмелері науқастарға толы болған. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Палаталардың көбі бос. Бүгіндері мұнда бар болғаны 17 адам ем қабылдап жатыр екен.

Мария Безус, вирусқа қарсы қауіпсіздік орталығы бөлімшесінің ординатор-дәрігері:

– Қазір бізде 17 адам жатыр. Солардың 2-уінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде. Қалғандарының жағдайы біршама тұрақты. Ем қабылдап жатқандардың барлығы – вакцина алмағандар және егде жастағы азаматтар. Сондықтан, екпе қойғызбаған жандар ойлануы тиіс.

Дәрігерлер оң өзгерістерге короновирусқа қарсы вакцинациялау шаралары әсер етті дейді. Яғни, тұрғындарда ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Соған қарамастан ақ халаттылар арқаны кеңге салуға әлі ерте дейді.

Мария Безус, вирусқа қарсы қауіпсіздік орталығы бөлімшесінің ординатор-дәрігері:

– Коронавирус өзгелерге ұқсамайды. Әдетте, ыстық аймақтарға тән вирустар суыққа төзбейді. Ал коронавирус бұл екі жағдайда да кездесе береді. Біз аптап ыстық пен үскірік аязда да аурудың ушыққанын көрдік.

Ауру қарқыны бәсеңдегенімен, әлі толық кете қойған жоқ. Сондықтан, сақтық шараларын ұмытпаған абзал.

Магжан Ахмадина