Облыста төрт түлікке екпе егу жұмыстары жүргізілуде

Ауыл шаруашылығы

0:25 4 Сәуір 2022

Айтолла Шахметов күнде осылай Қызылжар ауылдық округіндегі үйлерді аралап, ауылдағы тұрғындардың малдарын тексереді. Жыл сайын көктем мен күз мезгілдерінде ветеринар-дәрігер төрт түлікке міндетті түрде сібір жарасы, нодулярлы дерматит және гиподерматозға қарсы вакцина қояды. Сондай-ақ, малдарға бруцеллез бен туберкулезге тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Айтолла Шахметов, ветеринар-дәрігер:

– Туберкулезді анықтау үшін малдың мойнындағы жүнді қырқып, сол жерге туберкулин препаратын егеміз. 72 сағаттан кейін дәрі қойған орында үлкен ісік пайда болса, мал туберкулезбен ауырады дегенді білдіреді. Ондай жануарды ет комбинатына санитарлық союға жібереміз. Ал, бруцеллезге қатысты нәтиже зертханада белгілі болады.

Қызылжар ауылдық округіне 6 елді мекен кіреді. Бүгінге дейін аурудың алдын алу жұмыстары мұндағы 3 ауылда жүргізілген.

Жанғали Шаймерденов – Чапаево ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Малдарымыз ауырып қалса ветеринар-дәрігер бірден келіп, қарап береді. Вакциналау шарасын да уақытылы жүргізіп отырады. Осы күнге дейін үй жануарлары қатты ауырып көрген емес. Төрт түлік сырқаттанып қалмас үшін оның азығына да өзіміз мән меруіміз қажет. Яғни, күзде шөпті уақытылы орып, шірітіп алмай жинау керек.

Жалпы, қазіргі күні Қызылжар ауданында 7 мыңнан аса ірі қара мал мен 12 мыңға жуық қой-ешкі тексеріліп, екпе егу жұмыстары жүргізілген екен. Науқан төрт түлік жайлауға шыққанға дейін жалғаспақ.

Ербол Бағенов, Қызылжар ауданының ветеринарлық станциясының директоры:

– Былтырғы жылдармен салыстырғанда малдың басы кеміген жоқ. Екпе егу шараларын жазға дейін тәмамдау керек.

Ал облыс бойынша статистикаға тоқталатын болсақ, бүгінде аймақтағы 434 мыңнан аса мал мен құсқа вакцина қойылыпты. Сонымен қатар, бруцеллезге қарсы 153 мыңнан аса жануардан қан алынып, аталған дерт 9-ынан табылған. Ветеринарлардың сөзінше бұл өткен жылмен салыстырғанда 112 басқа аз.

Бердимурат Баймухан

Бұдан әрі оқыңыз

Солтүстікқазақстандық аграрийлер егіс науқанына қамдануда
Өңір диқандары мамырдың ортасында дән себуге кіріспек
Премьер-Министр өңір аграрийлерімен кездесті
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету
Жұмыртқа өндіруге берілетін субсидия 2 есеге артады
Мамлюттік аграрийлер егін егу науқанына толығымен дайын