Бұл кадрлар Атырау облысында түсірілген. Сағыз ауылындағы көрініс. Кеше Ноғайты өзені арнасынан асып, 6 мыңнан астам адам тұратын ауылға су кірген. Қауіп төнген 24 үйдің тұрғыны қауіпсіз жерге көшіріліпті. Бұл – Қазақстанда судың тасуы бойынша тіркелген биылға бірінші жағдай.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Бүгін түнде Атырау облысындағы Сағыз ауылынан 50-ге жуық адамды эвакуацияладық. Дер кезінде жүргізілген құтқару шараларының нәтижесінде бірде-бір үйге су кірген жоқ. Баспана иелері өз үйлеріне қайта оралды. Оларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ал ел көлеміндегі жағдайға келетін болсақ, бүгінде Қазақстанның орталық бөлігі мен солтүстік аймағында қар тез еріп жатыр. Мұндай құбылыс су тасқынын туғызуы мүмкін.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен тікелей эфирге тасқын қаупі жоғары болып тұрған 3 облыстың бас құтқарушылары қатысып, министрге аймақтағы жағдай туралы есеп берді. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Рамиль Камалов өңірге ахуал, әзірге, тұрақты деді. Мамандар өзен-көлдерге тәулігіне 24 сағат бойы мониторинг жүргізіп, судың деңгейіне бақылау жүрігізіп жатыр.
Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:
– Синоптиктердің болжауынша, келесі аптадан бастап күн күрт жылиды. Өңірдегі өзен-көлдердің деңгейі жоғарылап, қауіп төндіруі мүмкін. Биыл Есіл өзеніндегі ылғал қоры былтырғыға қарағанда 25 пайызға аз. Сергеев және Петропавл су қоймаларына келетін болсақ, нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда Сергеев су қоймасының толымдылығы 75 пайызды құрады.
Егер күн күрт жылып, қар бірден жаппай ерісе, бірқатар елді мекенді су басу қаупі туындайды. Осы орайда Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарында жағдай күрделене түсуі мүмкін. Мамандар апаттың алын алу үшін әзірлік жұмыстарына әуел бастан кіріскен екен. Су басу қаупі жоғары жерлерге құтқарушылар тобы мен арнайы техника жеткізілген.
Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:
– 85 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Ол ауылдарда 6 мыңнан астам адам тұрады. Қызыл судың бас көтеруіне жол бермес үшін тиісті шаралар қолға алынды, біз қауырт маусымға сақадай сай отырмыз. Егер де өңірде төтенше жағдай бола қалса, 130-дан астам ауыр техника, 5 жүзу құралы және 85 мотопомпа дайын тұр. Инертті материал да жеткілікті.
Облыс орталығына тоқталатын болсақ, бүгінде Заречный кенті мен Тепличное жылдағыдай су басу қаупі жоғары аймаққа кіреді. Осы ретте құтқарушылар күн сайын тұрғындармен тілдесіп, профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Дана Ешкенова