Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өрт болып жатқандығы жайлы хабар мамандарға күндізгі 3-те жеткен. Қызметкерлер мәдениет ошағына санаулы минутта келіп жетті.
Оқиға орнына келе сала мамандар артқы есік арқылы бірден ішке кірді. Басты мақсат – адамдарды сыртқа шығару. Міндет орындалды. Тұрғындарды ақхалаттылар күтіп алып, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Ғимараттан адамдарды шығару үшін мамандарға 3 минут жеткілікті болды. Маңызды жұмысқа Ерлан Құсайынов та қатысты.
Ерлан Құсайынов, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
– Мен өзім бекет постында жұмыс істедім. Құтқарушылар ғимараттың ішінен 2-3 адамды алып шықты. Менің мұндағы жұмысым – қанша адамның мекемеден шығарылғанын және құтқарушылардың арнайы аппараттарды неше минутта кигенін қадағалау.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үйлерге қарағанда осындай нысандарда өрт ауыздықтау және адам құтқару жұмыстары әлдеқайда қиын.
Болат Жұмажанов, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
– Ғимараттың көлемі үлкен. Кіріп-шығар есіктері көп. Адамдар қалатын түкпірлер көп. Ал пәтерлердің планировкаларымен жақсы таныспыз. Бүгінгі оқу-жаттығу жиынына 48 адам мен 6 техника жұмылдырылды.
Мұндай тактикалық дайындықты мамандар айына бір рет өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Биылдыққа бұл 3-ші оқу-жаттығу жиыны екен.
Алдияр Айтпаев