Әлішер Талтықбаев ашихара-каратемен 1 жылдан астам уақыт айналысады. Бүгінде жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Соңғы дода
Тараз қаласында өтті. Мұнда 45 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жасөспірім алтыннан алқа тағынды.
Әлішер Талтықбаев, ашихара-каратеден ҚР чемпионы:
– Жарысқа жақсылап дайындалдым. Қарсыластарым осал болған жоқ. Соған қарамастан каратенің спорттық түрі бойынша жеңімпаз атандым. Ал фулл-контактіде 3-ші орыннан көріндім. Нәтижеме ризамын. Қазір әлем чемпионатына қызу дайындалып жатырмыз.
Чемпионатта Әкрам Қарамғұжынов та жақсы нәтиже көрсетті. Небәрі 9 жастағы спортшы төменгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, күміс жүлдеге ие болды
Әкрам Қарамғұжынов, ашихара-каратеден ел чемпионатының күміс жүлдегері:
– 4 қарсыласым болды. Солардың 3-уін жеңдім. Соңғысын жеңе алмадым. Ол әлем чемпионы екен. Мықты қарсылық танытты.
Тараз қаласындағы жарыста өңір атынан 9 бен 15 жас аралығындағы 13 спортшы өнер көрсетіпті. Олардың 2-уі чемпион атанды. Қазір татами шеберлері Баку қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындалуда.
Бақыт Сыздықов, “СҚО ашихара-карате федерациясы” ҚБ президенті
– Облыс бойынша ашихара каратэ федерациясы 2019 жылы ашылды. Содан бері Қазақстан чемпионатына 2 рет барып келдік. Соңғы сайыс наурыздың 26-27 күндері Тараз қаласында өтті. Сонда қалалық командамыз 3-ші орын алды.
Облысымызда ашихара-каратеге қызығушылық танытатын жастардың саны күн сайын артып келеді екен. Қазір жергілікті федерацияда 70-тен астам ұл-қыз жаттығады.