Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қала әкімі есеп берді

Былтыр Петропавл қаласының бюджеті 63 млрд теңгені құрады. Оның 24,6 млрд теңгесі – салық түсімдері. Бәрімізге белгілі пандемия уақытында көптеген кәсіпкерлер жұмысын тоқтатты. Соған қарамастан көрсеткіш көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 40 пайызға мол екен.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Негізгі капитал – инвестициялар. Кәсіпкерлермен осы бағытта көп жұмыс жасадық.

Кран қозғалмаған қалада даму да жоқ! Соңғы жылдары Петропавлда құрылыс саласына біраз көңіл бөлініп, салынып жатқан ғимараттардың саны артуда. Шаһарда тұрғын үйлерден бөлек, жастардың сапалы білім алып, салауатты өмір салтын сақтаулары үшін түрлі нысандар тұрғызылып жатыр. “Маңызды шаруа тек бюджет есебінен ғана емес, кәсіпкерлер тарапынан да атқарылып жатыр”,- деді Болат Жұмабеков.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Қазірдің өзінде 21 бюджеттік және 14 коммерциялық үй салынып жатыр. Яғни, жеке кәсіпкерлер өздері салып жатыр. Биыл да олар 10 ғимараттың құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Болат Жұмабеков Петропавлды абаттандыру, жол салу, тұрғын үйлерді күтіп ұстау мен қоғамдық көліктер жайлы айтты. Соңғысына тоқталатын болсақ, былтыр қалалық автобустарға электронды төлем жүйесі енгізілді. Заман игілігінің көлеңкелі кәсіптің алдын алуда тиімді екеніне көз жеткен.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Былтыр 1-ші қыркүйек пен 31-ші желтоқсан аралығында жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша қаладағы жолаушылар саны 4,6 млн адамды құрады. Ал биылғы көрсеткіш мүлдем басқа. Өткен жылдағыдай уақыт ішінде шаһарда 9,3 млн адам қатынаған. Яғни, көрсеткіш 2 есеге көп болып шықты. Осыған орай алдағы уақытта саяжайлар мен қала сыртына жүретін автобустарда да электрондық билеттеу енгізбекшіміз.

Шаһар басшысы есептік баяндамасын 15 минуттың көлемінде тәмамдады. Тұрғындармен тілдесіп, сұрақтарына жауап берді. Қала әкіміне сауалын қойғысы келген жандардың қатары көп болды. Болат Жұмабеков олардың барлығын тыңдап, әрқайсысына жеке-жеке жауап берді. Маңыздыларын дәптеріне түртіп те алды.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі шаһарды абаттандыруға қатысты болды. Мәселен, шеткері аудандарда тұрып жатқан азаматтар көшелерге жол төсеп беруді сұраса, басқалары қала ішіне жаңа суағарлар салып, ескілерін қылыпқа келтіру керектігін айтты. Болат Жұмабеков аталған түйткілдер ескерусіз қалмайтынын жеткізді және жауапты мамандарға проблеманы шешу жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Жиында жергілікті студент те әкімге өз базынасын жеткізді. Қозыбаев университетінің 1-ші курс студенті Нұрасыл Дәулетбек шәкіртақы жөнінде сөз қозғады. Айтуынша, стипендия жастарға кешіктіріліп беріледі. Қала әкімі осы мәселе жөнінде университет басшылығымен кездесу өткізетіндігін айтты.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Асқар Ережепұлы, сіз проректормен кездесіп, мәселені шешудің жолын қарастырыңыз.
– Иә, студенттермен бірге проректорға кіріп сөйлесеміз.

Ал аға буын өкілдері болса, зейнеткерлерге арналған спорттық орындардың аздығына наразы. Татьяна Вербицкая есімді жерлесіміз қала әкімінен қарттар үшін арнайы құрал-жабдықтармен жарақталған жабық үлгідегі дене шынықтыру орнын ашуды сұрады.

Татьяна Вербицкая, қала тұрғыны:

– Қала тұрғындарының 20 пайызға жуығы – зейнет жасындағы жандар. Бұл дегеніміз – 44 мың адам. Егде жастағы тұрғындар үшін салауатты өмір салтын сақтаған маңызды. Ал қаладағы фитнес орталықтардың көбісі қарттар үшін жарақталмаған.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Айтқан сөзіңізбен келісемін. Біз алдағы уақытта сізбен кездесіп, мәселені жан-жақты қарастырайық. Спорт ұйымдарының басшылығымен келісіп, зейнеткерлер үшін жағдай жасауды немесе бөлек кесте құру туралы сұрауға болады.

Халық арасында “ЦОТ” атауымен танымал көтерме-бөлшек сауда орталығының кәсіпкерлері де өз сауалдарымен жүгінді. Сөздерінше, жаңа мекенжайға ауысқан соң базарға келушілердің саны азайыпты. Мәселені шешу үшін бизнес өкілдері бірнеше қоғамдық автобусты ЗИКСТО зауытына қарай бағыттауды сұрады. Болат Жұмабеков бұл өтініш жерде қалмайды деп жауап берді.

Бердимурат Баймухан