Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын.
Аққайың ауданындағы №1 Смирнов орта мектебінің ұжымы мемлекет басшысының соңғы Жолдауындағы осы мәселені ерекше қолдайды. Себебі, бұл бағытта білім ұясы бұрыннан жұмыс істеп жатыр екен. Тіпті, өздерінің ресми өкілдері де бар. Ол – 10-шы сынып оқушысы әрі оқу ошағының президенті Данияр Кудьяров. Белсенді жасөспірім Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы өкілдіктің мүшесі болып табылады. Оның бірқатар міндеті бар.
Данияр Кудьяров, №1 Смирнов орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:
– Мен – Елбасы медалінің иегерімін. Бұл жетістікке жету үшін балалардың құқықтарын қорғау жөнінде жоба әзірлеп, ұйымдастырушыларға жолдадым. Еңбегім жоғары бағаланды әрі бірден комитет жанындағы өкілдіктің мүшесі атандым. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан мектептердегі жас құқыққорғаушылардың жұмысын қадағалаймын. Негізгі мақсатымыз – ұл-қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу.
Бүгінде №1 Смирнов орта мектебінде әр түрлі ұлттың 276 баласы оқиды. Білім ошағының ұжымы жанұялармен де тығыз қарым-қатынаста. Олар ұл-қыздардың жақындарымен жиі хабарласып, шәкірттердің жай-күйін біліп тұрады. “Тәрбие – тал бесіктен, ал Отан отбасыдан басталады”,- дейді ұстаздар.
Ләззат Қыдықова, №1 Смирнов орта мектебі директорының орынбасары, Аққайың ауданы:
– Балалар – Қазақстанның болашағы. Олар айрандай ұйыған отбасында өсулері тиіс. Сонда еш қиындықсыз тәлім мен тәрбиені бойға сіңіреді. Күндердің күнінде жанұяда әке-шешеден, ал мектепте ұстаздан үйренгенді міндетті түрде елімізді одан әрі дамыту жолында қолданады.
Смирново мектеп-гимназиясының ұжымы да Президент Жолдауына қолдау білдіруде. Сонымен қатар, мұндағы жас мамандар мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан өзге бастамаларға да дән риза.
Еркежан Сұралина, Смирново мектеп-гимназиясының мұғалімі, Аққайың ауданы
– Біз – жас мамандар мемлекеттің қолдауын сезінеміз. “Дипломмен ауылға” бағдарламасының жұмыс істеуі, жалақының тұрақты түрде артуы ертеңгі күнге деген сенімімізді арттыра түседі.
Айта кетейік, соңғы 2 жылда Смирново мектеп-гимназиясына 7 жас маман жұмысқа қабылданыпты.
Байболат Култанов