Салтанатты жиын Ұлы Отан соғысының ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас Штабының бастығы Бисен Жақыпов сөз алды.
Бисен Жақыпов, ҚР Қорғаныс министрлігі идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы
– Соғысқа қатысқан әр сарбаздың өз армандары болды. Олардың жастары, ұлты, сипаты әр түрлі болды. Бірақ оларды Отан үшін деп аталатын ортақ мақсат біріктірді. Атам қазақ «Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр» деп айтқандай қанды шайқастарда қаза тапқандарға құрмет көрсету – біздің парызымыз.
Бүгінгі жиынның мақсаты да осы. Ата-баба рухына тағзым ету. Баланы әкеден, әйелді жардан айырған соғысқа біздің өңірден 70 мың сарбаз қатысыпты. Әр екінші азамат қаза тапқан. Жиналған қауым жауынгерлердің рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Бұл шара “Айбынды әскер” акциясы аясында өткізіліп жатыр. Осы мақсатта қалаға Қорғаныс министрлігінің өкілдері арнайы келіп отыр.
Бисен Жақыпов, ҚР Қорғаныс министрлігі идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы
– Қазір мектепке барып ерлік сабағын өткіземіз. Одан кейін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жастармен кездесу өткіземіз. Мақсатымыз – әскери күштердің беделін арттыру, әскери патриоттық жұмысты одан әрі жандандыру.
“Айбынды әскер” акциясы жалғыз Петропавлда ғана өткізілмейді. Қорғаныс министрлігінің арнайы тобы осыдан кейін өзге де қалаларға бармақшы.
Алдияр Айтпаев