МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Айбынды әскер” акциясы аясында көрме өткізілді

Көпшіліктің назары, әсіресе, мына жәдігерлерге ауды. Бұл жерге Хиуаз Доспанова, Халида Маманова сынды қазақтың қайсар қыздарының фотосуреттері мен Ұлы Отан соғысы кезінде қолданған дүниелері қойылған. Әрбірінің өзіндік тарихы бар. Тағы тепсе темір үзетін Қажымұқан Мұңайтпасовпен байланысты дүниелерді де байқауға болады. Біреу білсе, біреу білмес, бір кездері атақты палуан жауынгерлерге көмек көрсеткен.

Алмагүл Байдәулетова, ҚР ҚК әскери-тарихи музейінің қызметкері:

– Қажымұқан Мұңайтпасов – қазақ даласының батыры, күрестен әлем чемпионы. Палуанның 54 медалі болған екен. Соғыс басталған кезде ол циркте екі жыл өнер көрсеткен. Осылайша, медальдарын сатып, 100 мың сом ақша жинаған екен. Оған ұшақ сатып алып, Амангелді Иманов деп ат қойып, жауынгерлерге көмек ретінде майданға жіберген екен.

Бүгін өңір тұрғындары көрмеге қойылған 100-ден астам дүниемен жіті танысып шықты. Еске сала кетейік, бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай және Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта осы көрме еліміздің барлық өңірінде қанат жаймақ.

Алдияр Айтпаев