Білім

Өңірде археологиялық қазба жұмыстары артпақ

Қозыбаев университетінде 100-ден аса студент пен магистр тарихшы мамандығы бойынша оқып жатыр. Оның арасында дәл археология саласын зерттейтіндер жоқ. Бұған бірден бір себеп – білім ордасының базасында аталған пән оқытылмайды дейді, «Рухани жаңғыру» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Зәуре Картова. Сол себепті, бүгінгі жиында қабылданатын шешімдер жас тарихшылар үшін мол мүмкіндікке жол ашпақ.

Зәуре Қартова, Қозыбаев университеті «Рухани жаңғыру» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры:

– Ғылыми зерттеу институтының мамандары бүгінгі таңда тәжірибелерімен бөліседі және жазғы уақытта археолог мамандарын жіберіп, студенттермен жұмыс істейтін болады.

Иә, Солтүстік Қазақстан облысы қазір археолог мамандарға мұқтаж. 1967 жылдан бастап жүргізілген экспедиция жұмыстарының нәтижесінде аймақта 2 мыңнан аса көне ескерткіш анықталыпты. Бірақ, олар әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Жаңадан ашылып жатқандары да бар. Мәселен, Уәлиханов ауданындағы «Қызыл оба» қорымы. Ата-бабамыздың қалай өмір сүріп, қандай кәсіппен айналысқандары жөнінде нақты деректерді білу үшін осындай жерлерде кең көлемде зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Ақан Оңғарұлы, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры, Алматы қаласы:

– Өзіміздің жобамыз бар. Сол бойынша барлық аймақтардағы университеттермен жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Бейінді министрліктің тапсырмасы бойынша елімізде археолог мамандарды оқытатын 5 жоғары оқу орнында тиісті құрылым құру жұмыстары жүріп жатыр. Осы ретте Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының өкілдері тараптармен меморандум жасасқан. Өкінішке қарай, қатарда Қозыбаев университеті жоқ. Бірақ, алматылық қонақтар теріскейлік студенттерді өз базамызда оқытқымыз келеді дейді. Осыған орай жиын барысында екіжақты меморандумға қол қою жөнінде ұсыныс тасталды. Құжат аясында солтүстікқазақстандық студенттер алдағы уақытта археология мамандығын меңгере алмақ.

Бердимурат Баймухан