Күн тәртібіне шығарылған алғашқы сұрақ – соңғы бір аптада тұрғындар аузынан түспеген Петропавл жылу электр орталығына қатысты. Мұндағы негізгі қондырғылар қолданысқа 1961 жылы тапсырылыпты. Осы аралықта 60 пайызы ескірді-міс. Кейбір қазандық агрегаттарының тозуы 75 пайызға жуықтайды. 2021-2022 жылдар аралығындағы жылыту маусымында 39 технологиялық бұзушылық орын алғаны да сондықтан дейді бейінді басқарма басшысы Бақыт Ілиясов. Ал жартылай опырылған түтін мұржасы жағдайды одан әрі ушықтырды. Қазір апаттың себебі анықталып жатыр.
Бақыт Ілиясов, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
– Жылу электр орталығының жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жұмыс жоспары құрылып жатыр. Сәуірдің 15-і бірінші түтін мұржасын демонтаждау басталады. Сондай-ақ, жаңа мұржаның жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Оның құрылысына мамандар шамамен 2023 жылдың соңында кіріспек. 1-ші түтін мұржасына қосулы болған 5 бірдей қазандықты енді қалған екеуіне жалғау қарастырылуда.
Қазандықтар мен өзге де нысандарды уақытылы қалыпқа келтіруге мүмкіндік болмапты. Бақыт Ілиясовтің сөзінше, монополистердің аталған мақсатқа қаражаты жетпеген. Себебі, бірнеше жыл бойы тариф бағасы өзгеріссіз қалып отыр. Ал, бейінді басқарма басшысына сенер болсақ, “Севказэнерго” АҚ тұрғындарды жылумен қамтудан айтарлықтай пайда таппайды. Сәйкесінше, қыруар қаржыны жұмсай алмайды. Сондықтан, кәсіпорындағы демонтаж бен мұржа құрылысы қандай қаржыға жүргізілетіні әзірге белгісіз. Келесі сұрақ көктем келгенде өзектілікке ие болатын тасқын жайында. Қазір өңір құтқарушыларының қызыл судың алдын алу бойынша дайындық жұмыстары қыза түскен. кен. Облыстық штаб құрылып, күн-түн демей мамандар өзен-көлдердегі жағдайға мониторинг жүргізіп жатыр. Синоптиктер берген ақпаратқа сәйкес, топырақтағы ылғал көлемі мен қар қалыңдығы көпжылдық көрсеткіштерге сай келеді. Бірақ, кей жерлердегі ахуалды күні бүгін келген циклон ушықтыруы мүмкін.
Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:
– Әр ауданда жедел әрекет ету штабы құрылған. Облыс орталығынан арнайы топ діттеген елді мекенге аттануға даяр тұр. Олар 8 бағытты қамтитын болады. Әкімдікпен келіссөз жүргізіп, ауыр техниканы жалға алудамыз. Оны тасқын қаупі жоғары елді мекендерге жібереміз.
Өңірдегі су қоймаларындағы мұз жару жұмыстары да жалғасуда. Уәлиханов ауданындағы Сілетіде шаруа өткен аптада тындырылыпты. Кеше Айыртауға қарасты Ақан-Бұрлық пен Имантауда жүргізілді. Енді Ғ.Мүсірепов пен Тайынша аудандары ғана қалып отыр. Синоптиктер мен құтқарушылардың сөзінше, биыл көктемнің келуі кешеуілдеп жатыр. Тасқынның бас көтеруі сәуірдің 10-шы жұлдызынан кейін байқалуы мүмкін. Оған дейін ТЖД-нің арнайы тобы елді мекендерге аттандырылмақ.
Эльмира Садвокасова