Былтыр өңірде есірткі бизнесіне қатысты 200-ге жуық факті тіркелген. Оның 60-қа жуығы зиянды дүниені сатуға қатысты. Ал айналымнан алынған еліткіштің көлемі 400 келіден асып жығылады. Полиция қызметкерлерінің сөзінше, өткен жылы 16 мен 25 жас аралығындағы 120 жас қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тергеу барысында жастардың есірткіге әлеуметтік желі арқылы қол жеткізетіндері анықталған.
Бауыржан Әбділманов, қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі:
– 2021 жылы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тыйым салынған 124 сайтты анықтап, олардың 30-ын бұғаттаған. 8 қылмыстық іс қозғалып, 1 адам жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтатын болсақ, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, өткен жылы облыста синтетикалық есірткі жасайтын 8 бірдей зертхана әшкере болған. Олардың барлығы жойылып, көлденең жолмен ақша тапқандардың әрқайсысы темір торға тоғытылды.
Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
– Осы ретте естеріңізге сала кетейік, өткен жылы есірткі таратумен айналысатын адамдар үшін жаза қатаңдатылды. Енді зиянды зат сататын жандар 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Биылғы статистикамен бөлісейік. 3 айдың ішінде СҚО-да есірткі бизнесіне қатысты 25 факті тіркеліп, заңсыз айналымнан 1,5 келіден астам зиянды зат алынған. Тәртіп сақшылары бүгінде нашақорлықпен күресті күшейтуде. Әсіресе, жастар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Дана Ешкенова