Елімізде студенттерге жатақханада орын жетіспейді. Соның салдарынан жастар қыруар қаржы жұмсап пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Статистикаға сүйенсек, бүгінде білім қуып жүрген 63 мыңнан астам жасқа жатақханадан орын керек екен. Бұл мәселені шешу үшін Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының өкілдері бірнеше жоба әзірлеген. Соның бірі – мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында ескі ғимараттарды қалыпқа келтіру немесе жаңа жатақхана салу.
Айнұр Сағындықова, “Қаржы орталығы” АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің сарапшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Механизмға сәйкес кез келген кәсіпкер немесе кез келген оқу орны өз қаражат есебінен жатақхананы пайдалануға енгізеді. Жатақхананы пайдалануға енгізудің 2 жолы бар. Ол жанағы құрылыс немесе реконструкциялау бойынша. Егер кәсіпкер жатақхананы жаңа құрылыс арқылы тұрғызатын болса, онда инвесторға мемлекет тарапынан жыл сайын бір жатын орынға 122 АЕК төлеу қарастырылған, ал ғимарат қайта қалыпқа келтірілсе онда бір орынға 47 АЕК қарастырылған. Төлемдер кезеңі 8 жылды құрайды.
Мемлекет тарапынан төленетін төлем аяқталысымен нысан құрылысшының меншігіне өтеді. Алайда, осы ретте бір талап бар. Жатақхана ретінде салынған немесе қайта қалыпқа келтірілген ғимарат 20 жыл бойы әуелгі мақсатында пайдалануы тиіс. Жалпы, бұл жобаның қос тарап үшін де пайдасы молынан дейді мамандар.
Қаржы орталығының өкілдері ұсынып отырған екінші жоба мектептерге қатысты.
Айнұр Сағындықова, “Қаржы орталығы” АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің сарапшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Екінші бағдарлама – бізде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру шеңберінде жекеменшік мектептерді салу және реконструкциялау. Бұл екі жоба бір-біріне ұқсас. Тек жеке меншік метептерде екі төлем төленеді. Бірінші – инвестициялық төлем. Яғни кәсіпкерге мектепті салғаны үшін бір оқушыға 96 АЕК көлемінде қаржы төленеді. Екінші, ол – операциялық төлемдер. Бұл мұғалімдердің жалақысы , коммуналдық қызметтер секілді төлемдерді мемлекет өз есебіне алады.
Жекеменшік мектеп тұрғызатын кәсіпкерге де мемлекет тарапынан бір ғана талап қойылады. Нысан 20 жыл бойы білім беру ұясы болып қалуы тиіс. Сөз соңында айта кетейік, бүгінде СҚО-дағы мектептерде 7 мыңнан астам орын тапшылығы бар.
Дана Ешкенова