МТРА жаңалықтары

Жылу электр орталығындағы жағдай

 

Журналистерге сұхбат берген облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы ең алдымен 2-Жылу электр орталығында болған апат жайлы айтты. Естеріңізге тағы сала кетейік, жақында қуат ошағының бір мұржасы ортан белден құлап, үйлер салқындап кетті. Көп ұзамай коммуналдық түбіртек келеді. Ал халық жылу үшін толық көлемде төлем жасаймыз ба деп алаңдауда. “Алаңдауға еш себеп жоқ, қайта есептеу жүргізілуі керек”,- дейді Бақыт Ілиясов.

Бақыт Ілиясов, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Қазіргі күні төтенше жағдай орын алған мекемеде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мамандар тиісті сараптама жүргізіп, апаттың қалай орын алғанын анықтауда. Біз монополист компанияға тұтынылған жылу үшін қайта есептеу жүргізу қажет деген ұсыныс тастадық. Қазір жан-жақты ақпарат жинап жатырмыз. Шаруа 1 аптаның ішінде тәмамдалады.

Жығылғанға жұдырық болғандай, өткен аптаның соңында жұмыс істеп тұрған қазандықтардың бірден үшеуі тоқтап қалды. Қоғамның назары тағы кәсіпорынға ауды. Мамандар мұны ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр. Нақтырақ айтсақ, құлаған мұржа нысанның бір бөлігін қиратқан. Осының салдарынан ғимараттың іші суып, қазандықтағы «импульстік түтіктер» қатып қалған екен. Бірақ, мамандар оны тез арада жылытып, олқылықты қалыпқа келтіріпті.

Бақыт Ілиясов, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда қалаға жылу тиісті көлемде беріліп жатыр. Кеше кешкі сағат 9-дан кейін барлығын қалыпқа келтірдік. Жалпы, бүгінде Петропавл 2-Жылу электр орталығында 4 қазандық жұмыс істеп тұр.

Келесі жылы 2-Жылу электр орталығында қос мұржа ғана жұмыс істейдіы. “Себебі, құлаған құбырды қалыпқа келтіру үшін 1 жыл уақыт кетеді”,- дейді Бақыт Ілиясов. Қазіргі күні арнайы комиссия бұл мәселе бойынша арнайы жоба әзірлеп жатыр екен.

Бердимурат Баймухан