Экология министрлігі өкілдерінің айтуынша, өңірдегі басты проблемалардың бірі – ауаға зиянды қалдықтардың таралуы. 2020 жылы бұл шама 97 мың тоннаны құраса, өткен жылы азайып, 44 мың тонна болған екен. Негізінен, облыста атмосфераны ластайтын 52 кәсіпорын бар. Соның ірісі – «Севказэнерго» мен «Қызылжар су». Алғашқысының жайы белгілі. Соңғы уақытта даудан арылмай жүр. Ал сумен қамтушы кәсіпорынға тиесілі биотоғанда өткен жылы қоршаған ортаға улы газ таралуының 7 фактісі тіркелген.
Зұлфұхар Жолдасов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
– Кәсіпорында тиісті тазарту құрылғылары толық көлемде жұмыс істемейді. Биотоғанға қатысты олқылықты түзеу мақсатында «Қызылжар су» серіктестігі өз қаражаты есебінен хлорелла өсіру бойынша жоба әзірлеп жатыр.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қала тұрғындарынан жағымсыз иіске қатысты көп шағым түседі. Осы жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде мәселе шешіледі деген ойдамын. Алғашқы нәтижесін тамыз айында байқармыз.
Министр Серікқали Брекешев аталған жоба өз тиімділігін көрсетсе, онда өзге аймақтарға да тарату қажет деді. Жиында «Севказэнерго» АҚ-ының өкілдері де бой көрсетіп, зиянды қалдықты азайту бағытында қазір атқарып жатқан және жоспарлары жайлы баяндады. Министр келешекті болжағанша, ең алдымен қазіргі жағдайды реттеп, бүгінде іске асырылуы тиіс шараларды ұсыну қажет деді.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
– Өңір бойынша ауаға тарайтын зиянды қалдықтың 70 пайыздан астамы сіздердің кәсіпорындарыңызға тиесілі. Осыны азайту бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Маған жоспарларыңызды айтудың қажеті жоқ. Кәсіпорыннан шыққан күл арнайы полигонға апарып төгіледі. Ал оны жол құрылысына шикізат ретінде пайдалануға болады. Бізде ондай тәжірибе бар. Осы бағытта неге жұмыс істемеске?
Жиында орманшылардың жалақысының аздығы туралы айтылды. Күні-түні кезекшілік атқарып, айына алатындары – небәрі 86 мың теңге. Оның үстіне материалдық база да тым әлсіз көрінеді. Бұған жауап қатқан министр Серікқали Брекешев мәселенің біртіндеп шешілетіндігін айтты.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
– Қосымша бюджеттен қаражат бөлініп, биыл 48 автокөлік беріледі. Мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі.
Өңірдегі қатты тұрмыстық қалдық төгетін полигондардың да жағдайы мәз емес. Өткен жылы облыс аумағында заңсыз 363 қоқыс алаңы тіркеліпті. Соның 294-інің көзі жойылған. Ал қалғаны әлі сол қалпында.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
– Өңірдегі қоқыс төгетін орындардың 16-сының ғана құжаты бар. Бірақ, нысандардың өзі санитарлық талаптарға сай келмейді. Жыл соңына дейін бұл мәселені біржақты ету керек. «Жол картасына» сай 2023 жылға дейін облыста қатты тұрмыстық қалдық төгетін 9 полигон салу қажет. Бұл жұмыс әлі басталған жоқ.
Осы орайда аймақ басшысы өз ұсынысын білдірді. Елімізде тек жаңа полигондарды ғана тіркеу мүмкін екен. Ал шағын елді мекендердің маңында мұндай аумақ құру экономикалық тұрғыда тиімсіз көрінеді. Құмар Ақсақалов бұл істі оңтайландыру қажеттігін айтты.
Магжан Ахмадина