Солтүстік Қазақстан облысында тауарлы-сүт фермаларының саны жыл сайын артып келеді. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін өңірде 52 нысан ашылуы тиіс. Қазіргі күні жоспардың жартысына жуығы орындалған. Көрсеткіштің ұлғаюына Жамбыл ауданындағы «Алисарай» серістестігі үлес қоспақ. Агроқұрылым басшылығы ағымдағы жылы заманауи кәсіпорынның таспасын қиюды көздеп отыр.
Руслан Рамазанов, «Алисарай» ЖШС директорының орынбасары, Жамбыл ауданы:
– Тауарлы-сүт фермасы 600 бас ірі қараға шақталған. Асыл тұқымды «Симментал» сиырларын ұстамақшымыз. Қазіргі күні 150-ден аса тұяқтыны сатып алдық. Олар Германияда карантинде тұр. Өңірге мамыр айында әкеле бастаймыз. Сиыр саууға арналған қондырғылар да дайын.
Нысан биыл желтоқсан айында қолданысқа тапсырылады. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Тауарлы-сүт фермасы іске қосылған соң мұнда 1 жылда 3 мың тоннадан аса ақ өндіріледі және 25 адам жұмыспен қамтылады. Ал қызметкерлердің жалақысы 200 мың теңге көлемінде болмақ. Ет бағыты да назардан тыс қалмайды. Биыл Жамбыл ауылдық округіндегі “Атамекен Агро” серіктестігінде асыл тұқымды репродуктор ашылмақшы. Нысан 750 ірі қараға шақталған. Қазір мол өнім беретін Зеңгі баба төлдерінің 500-ге жуығы жеткізіліпті. Бұл шаруаға Ерік Сұлтанов оң бағасын берді. Сөз барысында Сенат депутаты сала өкілдеріне жұмысшылардың жалақысын жыл сайын өсіріп тұру қажеттігін айтты.
Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Облыстағы бірнеше кәсіпорынды аралап шықтым. Сол жердегі жұмысшылармен кездесіп, жағдайларын сұрадым. Сөздерінше, олар орташа есеппен 200-250 мың теңге жалақы алады. Азық-түлік жыл сайын қымбаттап жатыр. Сондықтан, қызметкерлердің еңбекақысын өсіріп, оларға қолайлы жағдай жасау керек. Жан-жақты көмек берген жөн.
“Мұндай жобаны жүзеге асыру көп шығынды қажет етпейді. «Ангус» тұқымды сиырлар суыққа төзімді келеді. Сол себепті, оларға арнайы нысан тұрғызудың қажеті жоқ. Тек жаңа туған бұзауларға кішігірім орын салса жеткілікті”,- дейді Ерік Сұлтанов. Ал ірі қараның етін көрші облыстардан бөлек, шетелге де экспорттауға болады.
Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер етті Өзбекстанға да сатады. Еліміздің оңтүстік өңірлері де теріскейден жыл сайын өте көп мөлшерде өнім сатып алады. Жергілікті кәсіпкерлер үшін бұл – өте тиімді бизнес. Мұндай жобалар аймақта мейлінше көп қолға алынуы тиіс. Бастаманың арқасында ауылдағы ағайын да жұмыспен қамтылады, тұрғындар да сапалы өнім тұтынады.
Кәсіпкерлердің жұмысымен танысқан халық қалаулылары оңтүстіктен келген ағайынмен де жүздесті. Былтыр Жамбыл ауданына еңбек күші басым өңірлерден 45 адам көшіп келіпті. Олар су жаңа баспанаға ие болып, жергілікті кәсіпорындарға қызметке орналасқан.
Сенаторлар Жамбыл аудандық орталық ауруханасына да ат басын бұрып, дәрігерлермен кездесті. Медициналық мекемеге “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша келіп жатқан жастар көп екен. Олар баспанаға ие болып, мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуде. Бұдан кейін депутаттар Благовещенка селосындағы жалпы білім беру ұйымдарында болды. Мұнда Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина жөндеу жұмыстарымен танысып, педагогтармен тілдесті.
Бердимурат Баймухан