Солтүстік Қазақстан облысындағы гидрологиялық жағдайға бақылау 19 бекеттен жүргізіледі. Қосындардың басым бөлігі Есіл өзені мен оның арналарында орналасқан. Мамандар көрсеткіштерді тәулігіне екі мәрте, таңғы және кешкі 8-де алып, салыстырады. Ал су қоймаларының деңгейі арта бастағанда қадағалау күшейеді. Осылайша, наурыздың бірінен бастап жергілікті гидрологтар көрсеткішті күніне 4 рет тексеруге көшкен.
Роман Гиричев, «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженері:
– Наурыздың 25-індегі ақпаратқа сүйенсек, өңірдегі қардың қалыңдығы 4 пен 38 см аралығын құрайды. Биыл ақ ұлпа Ақжар мен Тайынша аудандарында өте аз. Ал Аққайың, Уәлиханов, Тимирязев пен Ғ.Мүсірепов аудандарында көрсеткіш керісінше жоғары. Жер қыртысы баяу еріп жатыр. Қазір топырақ 61 см-ден 161 см-ге дейін қатқан. Десе де қардың қалыңдығы мен жердің мұздауы өткен жылғы деңгейден төмен.
Бүгінде Сергеев су қоймасының деңгейі біртіндеп артуда. Қазір көрсеткіш 523 млн текше метрді құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12 пайызға аз. Қазгидромет мамандарының берген ақпарына сүйенсек, биыл аталған нысанға барлығы 1-1,5 млрд текше метр тіршілік көзі жиылады деп күтілуде. Яғни, бекітілген норма мен өткен жылғы көреткіштерден аспайды. Синоптиктер сәуірге арналған ауа райы болжамымен де бөлісті. Алғашқы онкүндікте ауа температурасы күндіз 5-10 градусқа дейін жылып, түнде минус 10-ға дейін төмендейді. Ал, айдың 11-інен бастап күн жылымақ. Екінші онкүндікте Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп, кіші өзендер арнасынан асады деп күтілуде. Ал Петропавлда қызыл судың шарықтау шегі мамыр айының басына тұспа-тұс келмек.
Эльмира Садвокасова