Мәдениет

Қазақ театрында Халықаралық театр күні аталып өтілді

Театрға келген жандарды әдеттегідей жергілікті өнерпаздар әсем әуенмен қарсы алды. Холдан музыкалық аспаптардың
құлақтан кіріп, бойды алар үні естіледі. Көп ұзамай жиналған қауым залға бет алып, орындарына жайғасты.

Алдияр Айтпаев:

– Жексенбі кеші. Келген жандардың қарасы қалың. Актерлер сахнада соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Ал көзі қарақты көрермен қойылымның басталу сәтін асыға күтуде.

Атаулы датада көрермен назарына “Венециялық егіздер” комедиясы ұсынылмақ. Бұл туынды соңғы рет қара шаңырақта осыдан екі жыл бұрын қойылған екен.

Қойылым басталып та кетті. Алғашында актерлер билеп, жиналған ағайынның көңілін көтеріп алды. Кейін ортаға Разаура есімді италиядық ару мен оның қызметшісі шығып, әңгіме құрды. Сұлу бикеш қапалы. Ол өзінің ғашығын, яғни, қойылымның басты киіпкері – Дзанеттоны асыға күтіп жүр. Ал сужүрек жігіт болса бойжеткенге үйленбек ниетте келе жатыр. Бірақ, қос ғашықтың ойлағаны жүзеге аспады. Екеуі кездесе сала ұрсысып, Дзанэтто әкелген қалың малымен кері қайтады.

Аты айтып тұрғандай, қойылым егіздер туралы. Біреуі жанағы – Дзанэтто, екіншісі – Танино. Осы ретте театр актері Асылхан Рәзиевтің шеберлігін айтпасқа болмас. Ол екі жігіттің рөлін өзі ойнап, комедия барысында көпшілікті шатастырды. Тіпті, ғашық болған қыздар да сүйіктілерін айыра алмай қалды. Бұл қос жұп арасындағы арақатынастың бұзылуына әкеліп соқтырады.

Асылхан Рәзиев, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының актері:

– Бұл спектакльдің ғұмыры ұзақ. 2017 жылы алғаш қойылған болатын. Содан бері ойнап келемін. Спектакль өзіме ұнайды. Осы спектакльді ойнасам, арқам қозып, шабыттанамын. Әрине, бірақ екі кейіпкерді ойнау қиын. Таниносы ержүрек, өз-өзін ұстай алады. Ал Дзанетто босбелбеу, өз-өзін қорғай алмайды.

Осы әлсіздік Дзанэттоны аяқтан шалады. Ол Разаураға қосыла алмай, махаббаттан күйініп, у ішіп өледі. Ал Танино дегеніне жетіп, өз ғашығына қосылды. Ең қызығы, ақыры соңында Разаура қос егіздің туған қарындасы болып шығады. Бауырлар бала күндерінде бір-бірінен ажырап қалыпты. Осылайша, спектакль көпшілік күтпеген оқиғамен аяқталады.

Өнер иелері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кейін Халықаралық театр күніне орай үздіктер марапатталды. Биыл «Үздік әйел бейнесі» номинациясын театрдың белді актрисасы Құртқа Мусина жеңіп алды. Ал «Үздік ер бейнесі» аталымында Еламан Кенжебеков топ жарды.

Алдияр Айтпаев