Ашық Азия чепионатында жүлделі 1-ші орынға қол жеткізіп, Азияның абсолютті чемпионы атағын алған Мария Польдяеваның бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне 6 жыл. 18 жастағы бойжеткен алдымен шаңғы тебуден бастаған, кейін биатлон спортына ауысыпты. Бүгінде бұрымды республикалық және халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
Мария Польдяева, биатлоншы:
– Жуырда Щучинск қаласында өткен ашық Азия чепионатына біраз дайындалдым. Тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде 4 сайыста да бірінші орынға ие болдым. Әрине, жеңіс тұғырына көтерілу оңайға соққан жоқ. Себебі, қарсыластарым мықты болды. Әсіресе, алматылық спортшыларды атап өткім келеді.
Диас Омаров болса алғаш рет шаңғыға 10 жасында тұрыпты. Содан бері шаңғы десе ішер асын жерге қоюға әзір. 18 жастағы жігіттің басты арманы – 2026 жылы өтетін қысқы Олимпиадада биатлон спортынан өнер көрсету. Сондықтан, Диас алдымен жергілікті жарыстарда өзін сынап көруде. Ол да жуырда Щучинск қаласында өткен ашық Азия чепионатына қатысып, 2 бірдей алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншілеген.
Диас Омаров, биатлоншы:
– 1-ші алтын медальді жекелей жарыста жеңіп алдым. 2-ші алтын із қуу эстафетасында бұйырды. Ал спринт жарысында сәл уақыт жетпей қалып, күміс медаль еншіледім. Нәтижем жаман емес. Алға қойған мақсатыма жету үшін әлі де дайындық қажет. Келесі жылы биатлоннан өтетін әлем чемпионатында жеңіске жеткім келеді.
Щучинск қаласында жалауын желбіреткен ашық Азия чепионаты наурыздың 10-ы мен 20-сы аралығында өткен болатын. Жарысқа еліміздің спортшыларынан бөлек, Монғолия мен Қырғызстаннан 200-ге жуық саңлақ қатысты.
Игорь Ильин, биатлон спортынан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы:
– Біздің өңірден ашық Азия чемпионатына 12 қыз-жігіт қатысты. Дүбірлі додада спортшыларымыз өте жақсы нәтиже көрсетті. Қоржында жалпы саны – 14 медаль бар. Оның 10-ы алтын болса, 1-уі – күміс және 3-уі – қола медаль. Жалпы, бұл жарысты 2023 жылы өтетін әлем чемионатына дайындық деп бағалауға болады.
Айта кетейік, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және грамотамен марапатталды. Сондай-ақ, сыйақыға ие болды.
Дана Ешкенова