Бүгін мамандар Роза Шарафутдинованың үйіне ат басын бұрды. Келе сала бір топ жігіт ауланы қардан тазартуға кірісіп кетті. Бұл шаруа аяқталғасын жалғызбасты зейнеткердің баспанасына отын-көмір кіргізіп берді.
Роза Шарафутдинова, қала тұрғыны:
– Бәріне алғыс білдіремін. Бұл жігіттер маған жиі келіп, көмек қолын созып тұрады. Бүгін біраз істің басын қайырды.
Жалпы, Заречный кентін мамандар жыл сайын ерекше бақылауда ұстайды. Себебі, бұл аумақты су басу қаупі жоғары. Айтпай келетін апаттың алдын алу үшін қазір қызметкерлер жатпай-тұрмай тер төгуде. Бүгінгі күнге дейін тұрғындардың біраз бөлігі құтқарушылардың көмегімен ауланы қардан тазартып алыпты. Айта кетейік, мұндай игі іс облыс орталығының өзге де аудандарында жүргізілуде.
Темірхан Сағындықов, қалалық ТЖБ қызметкері
– Петропавл қаласы бойынша 550-ге тарта үйде мұндай жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Оның ішіне қар тазалау, отын кіргізу сынды жұмыстар кіреді.
Мамандар мұндай жұмыстарды қауіп беті қайтқанша жалғастырады. Яғни, су басу кезеңі аяқталғанша дейін қауіпті саналатын учаскелерде тер төкпек.
Алдияр Айтпаев