Спорт

Петропавлда қоян-қолтық ұрыстан ел біріншілігі өтуде

Ортада – түркістандық Нұрдәулет Ақылтай мен елордалық Мәди Қасенов. 62 келі салмақ дәрежесіндегі қос спортшы кездесу бастала сала бір-біріне жармасып, күресе жөнелді. Көп ұзамай екеуі татамидің шетіне бірақ шықты. Осыны байқаған төреші бәсекені тоқтатып, қоян-қолтық ұрыс шеберлерін ортаға шақырды.

Түркістандық спортшыға қарағанда елордалық әлдеқайда мықты болып шықты. Ол қорғаныста да, шабуылда да сауатты өнер көрсетуде. Жұмсаған соққылары да жойқын. Осының арқасында есепте алда тұр. Бұл басымдықты Мәди кездесудің соңына дейін сақтап, қарсыласын тізе бүктірді.

Мәди Қасенов, жарысқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Басында қиын болды. Жеңіліп жаттым. Бапкерім жұмыс істе дегесін бар күшімді салдым. Бұрын кездеспегенбіз. Түркістандық баламен өткен кездесу қиын болды.

Екінші татами төрінде де тартысты кездесу өтіп жатыр. Мұнда атыраулық Дамир Бекболат пен қарағандылық Мұхаммедәли Байкенов өзара мықтыны анықтауда.

Кездесу соңына таман қарағандылық жас ұпай сандары бойынша есепте алға шықты. Осылайша, бәсеке тағдырын өз пайдасына шешті.

Мұхаммедәли Байкенов, жарысқа қатысушы, Қарағанды қаласы:

– Бұл – бірінші кездесуім. Бәрі ойдағыдай. Жоспар бойынша жұмыс істедік. 15 Жеңіске толықтай ризамын деп айта алмаймын. Қателіктер бар. Енді бапкерімнің нұсқауымен жұмыс жасаймыз.

Петропавлдағы республикалық дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ге тарта спортшы келген. Олар наурыздың 27-сіне дейін бірнеше салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтамақ. Жеңгендері әлем біріншілігінде ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.

Мақсат Бекмұханбетов, жарыстың бас төрешісі:

– Петропавл қаласында өтіп жатқан жарысты жасөспірімдер және жастар арасындағы іріктеу деуге болады. Мамыр айында Өзбекстанның Бұқара қаласында әлем біріншілігі өтеді. Жеңімпаздар сонда барады. Бүгінгі жарыстың деңгейі жоғары. Спортшылардың бәрі мықты дайындалып келген.

Айта кетейік, қоян-қолтық ұрыстан әлем біріншілігі мамыр айының 19-ы мен 22-сі күндері аралығында өтпек.

Алдияр Айтпаев