Бұрын Петропавлдың қай нүктесінен қарасаң да №2 Жылу электр орталығының түтін будақтаған үш мұржасы көрінетін. Өкінішке қарай, бүгінде алыстан екеуін ғана көз шалады. Жаға ұстатарлық жағдайдан кейін өткен ғасырдың орта тұсында қолданысқа берілген мұржа жарамсыз болып тұр. Осы орайда “Одан ауаға улы газдар тарап жатқан жоқ па?” деген ой туындайды. Бұл сауалды өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, нысанға ат басын бұрған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке қойдық. Сұраққа мемлекеттік тілде комитет төрағасы Зұлфұхар Жолдасов жауап берді.
Зұлфұхар Жолдасов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
– Алаңдауға себеп жоқ. Біздің мамандар тексеріс жүргізді. Барлығы нормада.
Алаңдауға себеп болмағанымен, №2 Жылу электр орталығының ауаға зиянды қалдықтар шығаратын өңір аумағындағы ең ірі нысан екенін айта кету қажет. Бұл жерден қоршаған ортаға лас газдар мен көмір қалдықтары таралады.
Зұлфұхар Жолдасов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
– Өңір аумағында ауаға таралатын лас газдардың 70 пайызы осы Петропавл қаласындағы 2-ЖЭО орталығына тиесілі. Негізі, орталықтан жылына 40 мың тонна қалдық ауаға таралуы тиіс. Былтыр көрсеткіш 25 мың тонна болды. Мұнша көлем рұқсат етілген. Дегенмен, көрсеткішті азайту қажетпіз. Бұл бағытта 2 үлкен проблема бар.
Бірінші мәселе – лас газдар. Министрлік проблеманы реттеу үшін он жылға созылатын үлкен жоба әзірлепті. Міне, соны қолданып, компания көрсеткішті бірнеше есеге төмендете алмақ. Ал, екінші түйткіл – көмір қалдықтары. Бұны құрылыс саласында пайдаға жаратуға болады. Сондықтан, ведомство өкілдері әкімдік пен Жылу электр орталығы аталған бағытта бірлесе жұмыс атқарса дейді. Тілшілер “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директоры Михаил Косачевпен де тілдесті. Оған көп сұрақ қойылды. Негізгі сауал жақында апаттың салдарынан ажал құшқан нәзікжандыға қатысты болды.
Михаил Косачев, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директоры:
– Бүгінде біздің мамандар бақилық болған жанның жанұясымен тығыз байланыста. Қара жамылған отбасыға тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша көмек көрсетеміз. Тағы, өтемақы төлейміз. Әзірге, оның нақты сомасы белгісіз. Бірер күнде жария етеміз. Ал мұржаға келетін болсақ, қазір оны іске қосу және апаттың себебін анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл шаруамен арнайы комиссия айналысып жатыр. Алдағы уақытта шешім шығарылады.
Яғни, бір топ маман мұржаны жөндеуге келе ме немесе келмей ме екенін нақты айтады. Қалыпқа келтіруге жарамаса, жаңасын салуға тура келеді. Себебі, түтін будақтаған екеуінің шамасы Петропавл қаласына жетпейді екен. Ал құрылыс жұмыстары басталса, ол біршама уақытта созылады деген болжам бар.
Байболат Култанов