Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Шаховское селосының тұрғындарымен жүздесті

«Крахмал-Агро» – Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылындағы іргелі серіктестік. Кәсіпорын жұмысын 2017-де бастапты. Иелігінде 9500 гектарға жуық жер бар. Басым бөлігіне дәнді дақыл егеді екен.

Диас Дайыров, «Крахмал-Агро» ЖШС директоры:

– Былтыр серіктестіктің табысы 524 млн теңгені құрады. Қаражатқа минералдық тыңайтқыш, тұқым сатып алдық. Ауылшаруашылық техника паркінің 85 пайызы жаңа. Бұған мемлекеттік қолдау аясында қол жеткіздік. Агроқұрылымдағы орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды. Биыл оны 50 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз. Еңбеккерлерімізді толығымен жем-шөппен қамтамасыз етеміз.

Одан бөлек, мал шаруашылығын да қолға алмақ. Биыл 300 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыруға үкіметтен тағы да айтарлықтай көмек көрсетілмек. Аграрий нысан құрылысына жеңілдетілген несие рәсімдеп, мал басы мен техникаға субсидия ала алады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы үш жылдың ішінде жергілікті серіктестік мемлекеттен 267 млн теңге көлемінде субсидия алды. Қаржылай қолдаудың қайтарымы да болуы тиіс. Ең біріншіден, өнімділік артып, агроқұрылымның табысы өсуі қажет. Сәйкесінше, еңбеккерлердің жалақысы да еселенуі керек. Екіншіден, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайына назар аударған жөн. Тұрғындарды мазалаған сұрақтарды шешіп, жол, су, жем-шөп сынды мәселелерді біржақты еткені абзал.

Агарий тарапынан атқарылып жатқан шаруаға елді мекендіктердің көңілі толмайтын көрінеді. Кемшін тұстарды тұрғындар бірінен соң бірі жіпке тізді. Алдымен сөзді Ғалия Шауқарова алды.

Ғалия Шауқарова, Шаховское селосының тұрғыны:

– Біз күйеуім екеуміз зейнеттеміз. Бір сиырымыз бар. Оны асырау қиындап барады. Былтыр бір орама шөп алайық деп едік, бағасы – 18 мың теңге. Қызымыз Бескөлден әкеп берді. Мұндай бағаны қайдан алған? Сұмдық емес пе?

Алайда, Диас Дайыров мұны жоққа шығарды. Аграрийдің сөзінше, бір орамасы 5 мың теңгеден саудаланыпты. Ал, шөпті шабуға қатысқан еңбеккерлеріне мүлдем тегін таратқан. Бұл ретте облыс әкімі ауылдағы ағайын айтқан сынның орынды екенін атап өтті. Жергілікті тұрғындарды бөліп-жармай, барлығына бірдей жағдай жасау қажет.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жергілікті жерде өсірілетін астық тұрғындарға арзандатылған бағамен сатылуы тиіс. Назарларыңызды осы дүниеге де аудартқым келеді. Бүгінгі жағдай мүлдем керісінше. Ауылдағы дүкендерге кіре қалсаң, бағалары қаладағыдан да қымбат. Қарақұмық өзімізде өсіріледі. Жинап, қуырып неге саудаламасқа? Макарон өнімдері бойынша да жағдай осындай.

Бүгінде мемлекет тарапынан аграрийлерге өсімдікпен бірге мал шаруашылығын қоса дамыту тапсырмасы жүктеліп отыр. Алайда, ауылдағы ағайынның да төрт түлігін назардан тыс қалдырмау қажет.

Наталья Овчинникова, Шаховское селосының тұрғыны:

– Екі жыл бойы село тұрғындары мынадай мәселеге кезігіп отыр. Біздің өсіретін малымыз бар. Бірақ, оны бағатын жер жоқ. Ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығын жергілікті аграрий жыртып тастаған.

Наталья Овчинникова өзге де әлеуметтік проблемаларға тоқталды. Соның ең бастысы – айта-айта жауыр болған жол мәселесі.

Наталья Овчинникова, Шаховское селосының тұрғыны:

– Біздің ауылға апарар жол аңызға айналды. Нашарлығы соншалық өткен жылы облыс орталығы және село арасында қатынайтын Газель көлігінің иесі бізден бас тартты. Оны түсінуге болады. Таксимен келейің десең, жарты жолда қалдырып кетеді. Мәселе қашан шешімін табады?

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз мәселемен жақсы таныспыз. Жолдарды жөндеуге қатысты байқау өткіздік. 12 шақырым жолды қалыпқа келтіреміз деп жоспарлап қойдық. Жобаны жүзеге асыруға 900 млн теңге қажет. Қомақты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Біз аталған соманың өңірге бағытталуын күтіп отырмыз.

Шаховское селосының ішіндегі жолдар да оңып тұрған жоқ. Оның быт-шытын шығарған жергілікті агроқұрылымның ауыр техникасы дейді тұрғындар. Ал салдарын барлық ауылдағы ағайын тартып отыр. Әсіресе, көктем мен күзде балаларға мектепке қатынау қиындайды екен. Ол аздай елді мекенде жарықтандыру мәселесі де әлі біржақты етілмеген.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Ауылдық округ әкімі селоішілік жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы ұсынды. Қаражаттың бір бөлігі берілді. Екі көшені жарықтандыру да биылғы жоспарда бар. Шаруаны сәуір-мамыр айларында тындырамыз.

Жиында тұрғындар ауылда саябақ пен балалар алаңқайының жоқтығын да айтты. Аудан әкімі Жанат Сәдуақасов жыл соңына дейін мәселенің шешілетіндігін жеткізді. Елді мекеннің орталығындағы ескі саябақ жаңартылып, футбол және ойын алаңы орнатылмақ.

Эльмира Садвокасова