Кедейліктен арылып, азаматтардың өмір сапасын жақсарту. Мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық тұрақтылығына баса назар аудару. Осындай мәселелерді шешу үшін БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыра бастаған. Еліміз аталған құжатқа 2015 жылы қол қойыпты. Ол кешенді жұмыстардың жинағы болып табылады және 17 мақсаттан, сондай-ақ, 169 міндет пен 242 индикатордан тұрады. Құжатта көрсетілген басымдықтарды түсіндіру үшін өңірге екі күндік жұмыс сапарымен елордадан Экономикалық зерттеулер институтының қызметкерлері арнайы келген. Бүгін мамандар жергілікті атқарушы орган өкілдері үшін семинар ұйымдастырды.
Алтынгүл Өтебаева, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ТДМ хатшылығы директорының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:
– 2021 жылы тұрақты даму мақсаттарының ұлттық индикаторлары енгізілді. Нәтижесінде еліміздегі барлық стратегиялық маңызы бар бағдарламалар осы тұрақты даму мақсатын есепке ала отырып жасалуы тиіс. Біздің мақсатымыз – осы жаңашылдықтарды жергілікті органдарға жеткізу.
Эльмира Садвокасова