Еркін Мәкешов 63 жаста. Бильярд десе ішер асын жерге қоюға әзір азамат Павлодар облысының “Ертіс арландары” командасына мүшелік етеді. Еркін Мәкешовтің алғашқы қарсыласы – 69 жастағы петропавлдық Борис Леонтьев. Зейнеткерлер “Мәскеулік пирамида” ережесі бойынша сынға түсіп жатыр.
Еркін Мәкешов, “Ертіс арландары” командасының мүшесі, Павлодар облысы:
– Бүгін “Мәскеулік пирамида” ережесі бойынша ойнаудамыз. Яғни, шарларды тек қызыл шармен ұру қажет. Кім бірінші болып 8 шарды белгілі бір нүктеге түсіреді? Сол жеңімпаз атанады.
Уәлихан Ногоспаев болса өз кезегін күтіп отыр. Зейнеткер – “Астана қырандары” командасының мүшесі. 68 жастағы азамат бильярд таяғын қолына алғаш рет осыдан 18 жыл бұрын алыпты. Содан бері бильярд десе ішер асын жерге қоюға әзір.
Уәлихан Ногоспаев, “Астана қырандары” командасының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Бұл ойын көп ойлануды талап етеді. Бильярд ойыны ересек адамдарға өте пайдалы.
Бильярдтан өтіп жатқан республикалық турнир 2 жас санаты бойынша ұйымдастырылды. Біріншісінде 50 мен 63 жас аралығындағылар сынға түссе, екіншісінде 63-тен асқандар өзара мықтыны анықтады. Жалпы, жарысқа еліміздің 9 облысынан 16 құрама қатысты. Барлығы 100-ден астам бильярдшы бақ сынады.
Николай Хван, бильярдтан республикалық турнирді ұйымдастырушы:
– Бильярдтан ардагерлер арасында республикалық турнир осымен 7 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін бұл жарыс Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында өткен болатын. Биыл сайысты Солтүстік Қазақстан өңірінде өткізіп көруді шештік. Әр құрамадан 7 адамнан өнер көрсетуде. Қатысушылардың саны көп болғандықтан, турнир 3 бірдей бильярд клубында өтіп жатыр.
3 күнге созылған сайыстың қорытындысы мынадай: алғашқы топта “Шымкент” құрамасы жеңіске жетті. Ал 63 жастан асқан ардагерлер арасында елордалық “Тарлан” командасы жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысынан көрінді.
Дана Ешкенова