МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Олимпиада және Паралимпиада ойындарының қатысушыларымен жүздесті

Қытай жерінде тер төккен теріскейлік толағайларды облыс әкімі Құмар Ақсақалов жеткен жетістіктерімен құттықтап, алғысын білдірді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Пекин қаласында өткен ХІІІ Паралимпиада және ХХІV қысқы Олимпиада ойындарына ел құрамасы сапынан 40-қа жуық спортшы қатысқан еді. Соның 4-еуі – біздің солтүстікқазақстандық жігіттер. Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усолцев, Иван Аржаников елдің намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсетті. Сол үшін оларға алғысымды айтып, құтты болсын дегім келеді.

Төрткүл дүние көз тіккен жарыста ел құрамасы сапынан ең жоғары нәтижені жерлесіміз Александр Герлиц тіркеді. Ол Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Саңлақ қола медаль еншілеп, биатлон сайысында жүлдеге іліккен алғашқы қазақстандық спортшы ретінде көпшілікке танылды. Оның бұл жүлдесі алтынмен пара-пар.

Ерең еңбек елеусіз қалмайды. Өңір жетекшісі Паралимпиада ойындарындағы алғашқы солтүстікқазақстандық жүлдегерге Құрмет грамотасын, пәтер кілті мен 5 млн теңгенің сертификатын табыстауда.

Александр Герлиц үшін сәтті болған биатлон сайысы наурыздың 8-ші жұлдызында өткізілді. Жерлесіміз 10 шақырымдық жарыс жолында жан алысып, жан берісті, ату алаңында да дәлдік танытты.

Александр Герлиц, ХІІІ қысқы Паралимпиада ойындарының жүлдегері:

– Мұнымен тоқтап қалмаймын. Енді Щвецияда өтетін әлем біріншілігіне дайындаламын. Сондай-ақ, бапкерлермен кезекті Паралимпиада ойынына жоспар құрамыз. Миландағы дүбірлі додада да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын.

Бүгін көпшіліктің құрметіне байрақты бәсекеге қатысқан шаңғышылар Сергей Усольцев пен Ербол Хамитов та бөленді. Оларға облыс әкімі 1,5 млн теңгенің сертификатын табыстады. ХХІV қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған конькимен жүгіруші Иван Аржаников та назардан тыс қалмады. Оған да ақшалай сыйақы мен Құрмет грамотасы берілді.

Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында көк туымызды Ербол Хамитов көтеріп шыққаны мәлім. Осы ретте айта кетейік, жас спортшы жарыста намысқа тырысты. Ол шаңғы эстафетасында үздік бестікке ілікті

Ербол Хамитов, ХІІІ қысқы Паралимпиада ойындарының қатысушысы:

– Паралимпиада ойындарына бірінші рет қатыстым. Әрине, Қытайға жоғары нәтижеге қол жеткізіп, әнұранымызды шырқасам деп бардым. Өкінішке қарай, дегенім болмады. Дегенмен, маған жаһандық жарыста көк туымызды көтеріп шығу мүмкіндігі бұйырды. Бұл – екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Келесі Паралимпиада ойындарына жақсы әзірлікпен барамын.

Жиын соңында Құмар Ақсақалов ағымдағы жылы спорт саласында атқарылар шаруамен де бөлісті. Мақсаттардың бірі – залда отырған саңлақтардың ізбасарларын дайындау. Сол үшін биыл өлкедегі балалар спортын дамытуға 300 млн теңге бағытталмақ.

Алдияр Айтпаев