Мәдениет

Гуманитарлық-техникалық колледжде Наурыз мерекесі аталып өтілді

Гуманитарлық-техникалық колледждің алдында ыстық бауырсақтың иісі мүңкіп тұр. Ал мына жағында келушілерге жаңа жылымыздың басты тағамы – Наурыз көже үлестірілуде. Мұнда әр адам көл-көсір астан ауыз тиюде. Астан ауыз тигеннен кейін жиналған қауым мерекелік концертті тамашалады. Мың бұралған бишілер би билеп, күміс көмей әншілер ән шырқады. Осыдан соң кезек қазақ халқының салт-дәстүрлеріне және алдағы мерекеге байланысты әзірленген викториналық ойынға келді. Оған ұл-қыздар белсене қатысты.

Роман Кайзер, студент:

– Ойын қызықты өтуі үшін Наурыз мерекесін барынша зерттедік, салт-дәстүрлермен де таныстық. Осының арқасында біршама сұрақ әзірленді. Оларға қатарластарымыз белсенді жауап берді. Араларындағы үздіктерді тәттілермен марапаттадық.

Тоғызқұмалақ, асық ату, гір көтеру, арқан тартыс және қол күрес. Наурыз мерекесін ұлттық ойындарсыз елестету мүмкін емес.

Мына жақта кілең жігіттер жиналған. Олар гір көтеруден үздікті анықтауда. Ереже бойынша 16 келілік спорттық снарядты 1 минуттың ішінде көп көтерген қатысушы жеңімпаз атанады. Әзірге, Иван Штоль алда келеді.

Иван Штоль, студент:

– Гір көтеру спортымен айналысып жүргеніме 1 жыл болды. Нәтижем жаман емес. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлде еншілеп жүрмін. Жаңа 1 минуттың ішінде 16 келілік гір тасын 34 рет көтердім. Әзірге, қатарластарымның арасында алда тұрмын.

Ал оқу орнының ішінде студенттер асық атып, тоғызқұмалақ ойнауда. Араларында өнерлі жастар да жетерлік. Олар мерекелік іс-шараға бірадамдай ат салысты. Жалпы, бүгінгі күні колледжде 900-ге жуық қыз-жігіт білім алуда.

Ақнұр Базарбекова, Гуманитарлық-техникалық колледждің оқытушысы:

– Ерекше іс-шараға оқу ордамыздың барлық студенті мен оқытушысы қатысуда. Ашық аспан астында әз-Наурыз мейрамын тойлауды жөн көрдік.

Айта кетейік, бүгінгі мерекелік іс-шараға 500 дана бауырсақ әзірленіп, 20 литр Наурыз көже пісірілді.

Дана Ешкенова