Президент өзінің кешегі Жолдауында бірқатар маңызды шешім қабылдады. Соның бірі еліміздің саяси жүйесіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы және әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керектігін қадап айтты. “Бұл көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді”,- деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сол себепті, мен “Amanat” партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды.
Жаңа реформа халық қалаулыларының да жұмысын қамтыды. Бұдан былай депутаттар сайлауалды бағдарламасында берген уәделерін орындамағаны үшін мандатынан айырылады. Қозыбаев университеті Тіл және әдебиет институтының кафедра меңгерушісі Жанбай Қадыров бұл шешім Қазақстанның саяси дамуына серпін береді дейді.
Жанбай Қадыров, Қозыбаев университеті Тіл және әдебиет институтының кафедра меңгерушісі:
– Халықтың көбісі депутаттарды тани бермейді. Сондықтан да оларға елмен тығыз қарым-қатынаста болуы үшін азаматтардың алдында жылына 2 рет есеп беруді де ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев елде болған қуаңшылықты тілге тиек ете отырып, алда келе жатқан егістік науқанын сапалы өткізуге баса назар аудару қажеттігін де айтты. Сөзінше, біраз шаруа егіске әлі дайын емес. Олар қажетті жанар-жағармайды қолжетімді бағамен алуы тиіс. Техника, тұқым мен тыңайтқыш та әзір болғаны жөн. Президент Үкімет пен әкімдіктерге бұл жұмыстарды ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Фариза Мұқанова, Қозыбаев университеті агротехнологиялық факультетінің кафедра меңгерушісі:
– Ауыл шаруашылығы саласына үлкен мән берілді. Өйкені, халықты сапалы азық түлікпен қамту – маңызды мәселе.
Президент тапсырмасына сай, алдағы уақытта билік елдегі фермерлер қауымдастығымен бірлесіп агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарамақ. Сонымен қатар, азық-түлік тапшылығы мен оның бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданатын болады.
Бердимурат Баймухан