Раушан Қалиева – шараның құрметті қонағы. Ақжаулықты апамыз мерекелік кешке жалғыз келмеген. 1 жасар немересі Дамирді ерте кепті. Бүгін зейнеткер ата салтымызда орны айрықша “Бесікке бөлеу” дәстүрін көрсетеді. Қазір нәзікжанды киелі жабдыққа жатқызу ережелерімен таныстыруда.
Бесік айналасы аласталып, төсек-орын дұрысталғаннан кейін Дамир бесікке бөленді. Алғашында тыпыршып, тынышталмаған сәби бірер минуттан кейін ұйқтап та қалды. Раушан Қалиеваның айтуынша немересі бесікке бейім, туылғанына 15 күн болғаннан кейін бірден бесікке бөленген екен.
Раушан Қалиева, қала тұрғыны:
– Өзім 8 бала өсірдім. Барлығы бесікте жатты. 17 немерем, 1 шөберем бар. Барлығы бесікте жатады. Бесікте жатқан бала тыныш және денсаулығы мықты болады. Ол бала тез өседі. Аяғы қамыт аяқ болмайды. Сондай-ақ, таза өседі.
Ал мына жақта ат жалын тартып мінер балалар бес асық ойнауда. Кейбірі аталған ұлттық ойынның ережесінен жаңа ғана хабардар болып жатыр екен.
Алтынай Сыздықова, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың әдіскері:
– Біздің негізгі мақсатымыз – халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрін балалардың бойына дарыту. Сондай-ақ, сол дәстүрлерге деген сүйіспеншілігін арттыру. Балаларға Наурыз мерекесі жайлы түсінік бере отырып, салт-дәстүрімізді қадірлеуге үйрету, әр мереке-мейрамды құрметтеп, қастерлеуге үйреткіміз келеді.
Шара соңында Наурыз батасы беріліп, мерекелік шашу шашылды.
Алдияр Айтпаев