Тәтті тоқаш, сәбізден жасалған салат және ыстық тағам. Білім ұясындағы бүгінгі ас мәзірі осындай. Қазір асханада мектепке дейінгі дайындық тобы ауқаттанып жатыр. Сабақтан соң тәбеттері ашылған балғындар тездетіп алдындағы асты жеуге асық.
Ас мәзірі балғындардың көңілінен шықты. Ата-аналар да риза. Өйткені, мектептің бастауыш сынып оқушылары толығымен тегін тамақтандырылады. Олардың саны – 197.
Жасұлан Сүйіндіков, Смирнов №1 орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:
– Бізде түскі астың бағасы – 400 теңге. Екі баласы бар жанұялар күніне 800 теңге жұмсайды. Сонда айына, жылына қанша шығатынын есептей беріңіз. Ал бізде көпбалалы отбасылардың балалары да оқиды. Сол себепті, мұндай жанұялар үшін әрине бұл айтарлықтай көмек. Бұрындары жалпыға міндетті оқу қорының есебінен кей оқушылар тегін тамақтандырылатын. Бірақ, онда салат болмайтын. Ал қазір ол ас мәзірінде бар және одан бөлек балғындарға тәтті тоқаштар беріледі.
Смирнов №1 орта мектебінде 276 бала білім алады. Солардың жартысынан астамы тегін тамақпен қамтылған. Айта кету керек, мұндай жұмыс тек аталған білім ұясында ғана емес, барлық аудан көлемінде қолға алынған.
Рүстем Елубаев, Аққайың ауданының әкімі:
– Бүгінгі күні Аққайың ауданының 1500 оқушысы тегін тамақпен қамтылған. Ол біздің шаруа қожалықтарының арқасында мүмкін болып отыр. 1-ші наурыздан бастап біз 4-ші сыныпқа дейінгі балғындарды тегін тамақтандырып жатырмыз. Келешекте өзге балаларды да қамту жоспарда бар.
Жалпы, әкімдік аудандағы 89 ауылшаруашылығы тауарын өндірушімен келісім шартқа отырған. Бүгіндері олар балғындарды тегін тамақтандырумен қамтып қана қоймай, ауылдардың жағдайын реттеуге да білек сыбана кіріскен. Туған өлкесінің дамуына бейжай қарамайтын жомарт жандар мәдениет ошақтарын жөндеуде, спорт нысандарына қажетті құрылғылар алуда аянып қалып жатқан жоқ.
Магжан Ахмадина