Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Қызылжарда аламан айтыс өтті

Байболат Бектемірұлы:

– Бүгін – сәрсенбі, яғни жұмыс күні. Бірақ, соған қарамастан солтүстікқазақстандықтар арқа-жарқа болып Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармонияға ағылып жатыр. Мұнда тура 1 сағаттан соң аламан айтыс басталмақ. Осыған қарағанда, яғни тұрғындардың аяқ алысына қарағанда жергілікті ағайын ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген айтыскерлердің жырын сағынғанға ұқсайды.

– Келеміз. Келгенде қандай. Айтысқа асығып жетеміз.
– Айтысты сағындық.
– Айтысты естігеннен кейін билет алдық. Жүрсін ағамызды, барлығын көруге келе жатырмыз.

Жүрсіннің жүйріктері жерлестеріміздің сағынышын басты. Олардың әрқайсысы көмейдегі күміс жырдан шашу шашып, ағайынның айызын қандырды. Мысалы, Шұғайып Сезімхан мен Қалижан Білдәш әр түрлі тақырыпты қамтыды. Жүректен шыққан шумақтарды “Қазақ осы” атты танымал әннің мақамына салып та айтты.

Сөз барысында Шұғайып қалжыңға да кезек берді. Ол Қалижанды “Қызылжар жеріне суық болған соң көшпей отырсың” деп сөкті. Қарсылас қарап қалмады. Ойын ұйқаспен тамаша жеткізді.

Амандасып, қалжыңдасып алған соң қос құлагер көсіле шапты. Олар биыл мерейтойлары аталып өтілетін атақты жерлестеріміз Ғабит Мүсіреповті, Сафуан Шаймерденовті және Кәкімбек Салықовты жырға қосты. Нақтырақ айтсақ, әрқайсысы бір төбе тұлғалардың өмір жолын, баға жетпес туындыларын өрнектеп жіпке тізді.

Айтыста қоғамдағы өзекті проблемалар ылғи көтеріледі. Бүгінгі сөз сайысында қос ақын да теріскейді қазақыландыру, яғни солтүстікке күнгейден ағайын көшіру мәселесін қозғады. Ару қала Алматының намысын қорғай келген Шұғайып Кәкімбек Салықовтың есімін облыс орталығындағы көшелердің біріне беру қажеттігін де тілгі тиек етті. Жарты сағатқа созылған жыр бәсекесінің жеңімпазын қазылар анықтады. Олардың шешімімен Шұғайып Сезімхан жеңіске жетті.

Шұғайып Сезімхан, айтыскер ақын, Алматы қаласы:

– Кәкімбек Салықов – ақын және саясат сахнасында ерекше орынға ие болған жан. Ол кісі кезінде Қарақалпақстанға барып, біраз өзекті мәселені шешуге ат салысты. Оған қоса, Қаныш Сәтпаев атамыздың еңбектерін жинап, басылуына үлес қосты.

Кейін сахнаға шығысқазақстандық Рүстем Қайыртай мен жерлесіміз Жарқын Жұпархан шықты. “Ақынға қара сөзден өлең оңай” демекші, екеуі де жалынды жырларымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы, “Ұлтын сүйген ұлылар” атты республикалық жыр додасы от ауызды, орақ тілді 12 сөз шеберінің басын қосты. Қызылжар жеріне арнайы ат басын бұрған ақындардың әрқайсысына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жоғары бағасын беріп отыр.

Жүрсін Ерман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Бұл жерде біздің тұрақты көрермендеріміз бар. Айтысқа аудандардан, ауылдардан арнайы келеді. Олар – сөз түсінетін көрермен, текті көрермен. Қызылжарға біздің ықыласымыз бөлек.

Республикалық жыр додасы бірнеше сағатқа созылды. Аламан соңында жүлдегерлер анықталып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Байболат Култанов