Елдегі, әлемдегі ахуалға қарамастан қаңтар-ақпан айлары ішінде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,5%-ға дейін жеделдеді. Бұл туралы республиканың бас экономисі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ведомство басшысы аққайыңдар өлкесін бірнеше мәрте ауызға алды.
Оның сөзінше, өңіріміз өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша үздіктердің қатарында тұр. Бұл қарқыннан таймау қажет. Алқалы жиында министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге бірнеше нақты тапсырма берді. Алғашқысы – халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру және экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту. Сонымен қатар, атқамінерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуі тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Сондай-ақ, бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын адрестік қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет. Бағаларды әкімшілік механизмдермен ұстап тұру нарықтық тәсілдерге жатпайтынын білеміз, сондықтан бағаларды тұрақтандырудың басқа да әдістерін қолдану қажет
Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов та сөз алды. Ол өзі басшылық ететін ұйым Қазақстанның қаражат жүйесіне Ресейге қарсы санкциялардың әсер ету дәрежесін бағалап, қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауды жалғастыратынын жеткізді. Бірқатар жаңашылдық та тілге тиек етілді. Соның бірі – елден 10 000 АҚШ долларынан жоғары қолма-қол шетел валютасын және салмағы 100 грамнан асатын тазартылған алтынды әкетуге шектеу енгізу. Бұл жарлыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойыпты.
Байболат Култанов