Уәлиханов көшесі бойында қаз-қатар тізілген мына 9 қабатты үйлердің үшеуінің құрылысын «Основание» серіктестігі жүргізуде. Біреуінде жоспарланған жұмыс 60 пайызға атқарылса, қалған екеуінің құрылысы аяқталуға жақын. Мына нысанда қазір 12 адам еңбек етуде. Олар пәтерлердің ішін әрлеп, есіктерінің тұтқаларын орнатуда.
Артем Колдыбаев, «Основание» ЖШС ағаш шебері:
– Бүкіл 9 қабат бойына есік орнатып, тұтқаларын тағып жатырмыз. Осыған дейін еденге линолеум төсеп, шатырда гидроизоляциялық шаралар жүргіздік.
Құрылысы өткен жылдың басында басталған 72 пәтерлі үй 2 подъезден тұрады. Бір қызығы, мұнда 1 бөлмелі пәтерлер жоқ. Мердігер компания өкілі жоба солай құрылған дейді.
Константин Егоров, «Основание» ЖШС прорабы:
– 2 бөлмелі пәтерлердің аумағы – 50 шаршы метр, 3 бөлмелі пәтерлердікі – 65 шаршы метрдің шамасында. Ал 1 бөлмелілер мүлдем жоқ. Материалдардың көбі өзіміздікі. Тек кірпішті ғана әкелдік. Жалпы, компаниямыз үшін бұл типтік құрылыс болып саналады. Яғни, осындай баспана салып машықтанып алған біз үшін құрылыс барысында ешқандай мәселе туындаған жоқ.
Бой түзеген жаңа баспаналар Уәлиханов көшесіне ерекше көрік беріп тұр. Өйткені, бұрын олардың орнында еңкіш тартқан ескі үйлер болатын. Аталған серіктестік қазіргі уақытта қалада 6 нысанның құрылысын жүргізіп жатыр. Соның бірі – коммерциялық баспана.
Магжан Ахмадина