МТРА жаңалықтары

Өңірде “Қару” жедел-профилактикалық шарасы жалғасуда

Өңір полицейлері «Қару» жедел-профилактикалық шарасын жалғастыруда. Жұмысқа 120 тәртіп сақшысы тартылыпты. Мамандар жыл басынан тұрғылықты мекенжайы бойынша 4 мыңға жуық қару иесін тексерген. Олардың 189-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтар мылтық, тапаншаны сатып алу, тапсыру, сақтау, пайдалану мен тіркеуге қою тәртібін бұзған. Сондай-ақ, рейд барысында қару сатумен айналысатын 81 заңды тұлға тексерілді. 4 кәсіпкер тарапынан әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл ретте полиция қызметкерлері солтүстікқазақстандықтарға кездейсоқ қару тауып алған жағдайда немесе ол қайтыс болған адамнан мұра ретінде қалғанда «102» нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.

Ерболат Қабыров, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім инспекторы:

– Ағымдағы жылғы 3-ші ақпаннан бастап біздің облыстың аумағында “Қару” жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Барлық азаматтарды және біздің облыстың тұрғындарын заңсыз сақтаудағы қаруды ішкі істер органдарына ерікті түрде тапсыруға шақырамыз. Бұл ретте тексерілуден кейін олар қандай да бір жауапкершіліктен босатылады.

Дана Ешкенова