МТРА жаңалықтары

Көліктік бақылау инспекциясының қызметі автоматтандыруды талап етеді

Қазақстан экономикасының алға жылжуында көлік инфрақұрылымы маңызды орын алады. Нақтырақ айтсақ, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынаста болу қажет. Ал жолға шыққан техниканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – облыстық көліктік бақылау инспекциясының міндеті. Мұндағы мамандар өз жұмыстарын атқаруда. Бірақ, араларында қызметтік лауазымын асыра пайдаланып парақорлыққа баратындар бар көрінеді. Бұл факті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің өкілдері жүргізген сыртқы анализ барысында анықталыпты.

Бұл видеолар көліктік бақылау инспекциясының қос маманы пара алу кезінде түсіріліпті. Олардың біреуі жергілікті кәсіпкерден 500 мың теңге ауызбастырық талап еткен. Ақшаны қалтаға басу арқылы оған жүк көлігімен облыс аумағында кедергісіз қатынауына рұқсат берген. Екінші жағдай да осыған ұқсас. Бірақ, бұл жерде қызметкер Ресей елінің азаматынан 500 мың теңге алған. Заң қатал. Қалалық соттың шешімімен көлденең жолмен ақша тапқан азаматтар 3 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.

Нұрлан Жахин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Көліктік бақылау қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тарапынан өңірдегі инспекцияларға сыртқы анализ жүргізілді. Аталған іс-шара аймағымызда өткен жылдың соңында өтті. Нәтижесінде бармақ басты, көз қыстылықтың 25 тәуекелі анықталды. Оның ішінде құрылыс саласында жұмыс істейтін жандар бар. Олар ауыр техниканы рұқсат құжатынсыз тізгіндеген. Сонымен қатар, облыста әкімшілік жауапкершіліктен жалтару үшін ауызбастырық берген жүргізушілер де аз емес.

Заңды белшесінен басқандардың барлығы ірі көлемде айыппұл арқалады. Алдағы уақытта мұндай заңбұзушылықтар қайталанбас үшін жемқорлықпен күресуші мамандар бірқатар ұсынымдар әзірлепті. Мамандар көліктік бақылау инспекциясының жұмысын автоматтандыру керек дейді және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.

Бердимурат Баймухан