Бірнеше аптадан бері облыс орталығында көктайғақ. Бұл тұрғындардың жүріп-тұруына айтарлықтай кедергі келтіруде. Қалалықтар комуналдық қызметтердің жұмысына шағымданып, мәселені әлеуметтік желілерде қызу талқылауда. Сөздерінше, қауырт маусымда мамандар жолға тиісті мөлшерде инертті материал сеппейді, аялдамалар алдындағы мұзды оймайды.
Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қалалық әкімдікке көктайғаққа қатысты арыздар түсіп жатыр. Шағымдарға байланысты «Коммунхоз» серіктестігіне хат жолдадық. Мәселе алдағы уақытта шешімін табады.
Қазгидромед мамандарын да сөзге тарттық. Олардың пікірінше, ауа температурасы құбылғандықтан осындай мәселе туындап отыр. Яғни, ақпанның соңы мен наурыздың басында күн шуағын шашып, ал бүгінде өңмеңнен өтетін жел соққандықтан, айналаны мұз басқан.
Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РМК СҚОФ бөлім жетекшісі:
– Айдың басында күн жылып, қар еріді. Ауа температурасы кенет суытып кеткен соң, өңір жолдарында көктайғақ орын алды. Қазір облыс көлемінде жылдамдығы секундына 5-тен 20 метрге дейін жететін жел соғып тұр. Ал қала ішінде аяз түнде -23 градусқа дейін жетеді.
Мұндай құбылмалы ауа райы айдың соңына дейін сақталмақ дейді синоптиктер. Сәуір болмай, тәуір болмас.
Бердимурат Баймухан