Сәуле Кукузова – әлеуметтік қызметкер. Ол қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және науқастарға көмектеседі. Оның қарауында 8 адам бар. Келіншек өзі күтім жасап жүрген кісілердің денсаулығы бойынша №2 қалалық емханаға жиі жүгінеді. Азаматшаның міндеті – тегін дәрі-дәрмек алу, анализ апару және қорытындыны алу. Нәзікжанды емдеу мекемесіндегі дәрігерлердің қарым-қатынасына, медициналық қызметтеріне көңілім толады дейді.
Сәуле Кукузова, әлеуметтік қызметкер:
– Жұмыс бабымен емханада жиі жүремін. Барлық мәселелерді бір жерде шешіп береді. Бұл өте ыңғайлы. Бұрындары ұзын-сонар кезекте тұратынбыз. Қазір бәрі тұрғындар үшін ыңғайлы етіп жасалған.
Ал егер көрсетілген медициналық қызметке көңіліз толмаса немесе өзге де түсінбеушілік жағдайлар туындаса, онда бірден пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметіне жүгінуге болады. Мұндай жаңашылдық қазіргі уақытта әр емдеу мекемесінде бар.
Бегайым Мейманова, №2 қалалық емхана директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
– Бұл қызмет медициналық ұйым тарапынан медициналық көмек көрсету стандарттары мен тәртібінің бұзылуын анықтайды. Сондай-ақ, ол азаматтардың өтініштерін, пациенттердің шағымдарын қараумен айналысады.
Былтыр №2 қалалық емхананың ішкі бақылау қызметіне тұрғындар тарапынан 200-ден астам өтініш келіп түскен. Басым бөлігі бір-біріне ұқсас. Көбінесе науқастарды тар бейінді мамандардың жетіспеушілігі алаңдатады. Кадр тапшылығынан тұрғындар емдеу мекемелерінде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр.
Бегайым Мейманова, №2 қалалық емхана директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
– Кадр тапшылығы бар. Қазіргі таңда біздің емхананың директоры Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан бос орындар жәрмеңкесіне қатысуда. Басты мақсат – өңірге дәрігерлерді тарту. Бізде акушер, көз дәрігері, эндокринолог секілді мамандар жетіспейді.
Кадр мәселесі түсінікті. Оны шешу біршама уақытты талап етеді. Ал одан өзге мәселе таяу арада біржақты етілуі қажет. Егер түйткіл түйіні тарқамаса, шағым түсірген азамат облыстық денсаулық сақтау басқармасына немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады.
Дана Ешкенова