Зейнетақы қорындағы шекті соманы шешу мүмкіндігі 2021-дің басында берілді. Қаражатты пәтер сатып алу, баспана несиесін өтеу немесе жер үй салу сынды бірнеше бағытта пайдалануға болады. Сондай-ақ, қаржыны бастапқы жарна ретінде пайдаланып, ипотека рәсімдеу мүмкіндігі бар. Бірақ, бұл жағдайда азаматтар қол жеткізген үйлерін 5 жыл көлемінде сата алмайды. Бұдан бөлек, ақшаны тіс емдеп, көзге операция жасап, пластикалық отаға да жұмсау қарастырылған. Егер жоғарыда аталған бағыттар қызықтырмаса, инвестиция құйып, табысты арттыруға да болады.
Ғалия Мұқанова, “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:
– 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша, 2021 жылдың қаңтарынан бастап БЖЗҚ СҚО-да жинақталған зейнетақы қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға 13 152 салымшының өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ 21,2 млрд теңге аударды. Сондай-ақ, БЖЗҚ өңірде емделуге жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 1995 өтінішті орындады.
Ал, 66 тұрғын зейнетақы қорындағы ақшаны инвестицияға құйған. Яғни, шоттарында артылған қаражатты компаниялардың дамуына бағыттапты. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 40 млн теңге жұмсалған.
Эльмира Сәдуақасова, тілші:
– Тұрғындар зейнетақы қорындағы шекті соманы тек өз мақсатында ғана емес, отбасының жақын мүшелеріне көмек ретінде де пайдалана алатындығын еске салайық. Азаматтар үшін артылған ақшаны ата-аналарына, күйеуі не әйеліне және балаларына беру мүмкіндігі де қарастырылған. Яғни, баспана салу, ипотеканы төлеу не пәтердің бастапқы жарнасына қаражат жетпей жатса, 2-3 шоттан да ақша алып, оны біріктіруге болады.
Бұл ретте асыққан жөн. Себебі, сәуірдің бірінен бастап зейнетақы қорындағы шекті сома көлемі артпақ. Шоттағы ақша көлемін тексеріп, оны пайдалану жөнінде өтініш қалдыру үшін enpf-otbasy.kz сайтына кіру қажет. Арыз 5 күн ішінде қарастырылып, қаржыны іске жаратуға 20 күн уақыт беріледі.
Эльмира Садвокасова