«Бастау Бизнес», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты». Бүгін облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жастарымен кездесті.
Жиын барысында белсенді ұл-қыздарға өңір жастары үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер жайлы айтылды. Яғни, жұмысқа орналасу, кәсіп бастауға көрсетілетін мемлекеттік қолдау турасында жан-жақты ақпарат ұсынылып, сұрақтарға жауап берілді. Айта кеткен жөн, былтырдың өзінде облыста «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары аясында 65 адам қызметке орналасыпты. Ал «Бастау Бизнес» жобасы аясында 400-ден аса жас кәсіп ашудың қыр-сырын меңгеріп қайтарымсыз грантқа ие болған.
Азиза Жаңажолова, облыстық ҚХА жетекші сарапшысы:
– Мен киім сататын дүкен ашқым келеді. Осы орайда бүгін мамандардан мемлекеттік қолдау мен төмендетілген несие алу жөнінде кеңес алдым.
Асқар Баймұқанов, СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:
– Облыста былтыр «Ұрпақтар келісімшарты» атты жоба жүзеге асырылды. Яғни, зейнетке шығуға жарты жыл қалған қызметкердің орнына жұмыс іздеп жүрген жастар барып, сол кісінің қасында жүріп 6 ай тәжірибесін шыңдайды. Осылайша біліктілігін арттырған азамат тәлімгері зейнетке шыққан кезде соның орнына орналасады. Айта кеткен жөн, тәжірибе уақытында жастарға жалақы төленеді.
Бердімұрат Баймұқан