Аққайыңдар өлкесінде туберкулез ауруына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты және аурушаңдық көрсеткіші жылдан жылға төмендеуде. Дегенмен, бүгінгі таңда диспансерлік есепте 302 адам тұр. Оның 200-ден астамы үйде ем қабылдауда. Ал 72 пациент – арнайы мекемелерде. Науқастардың 70 пайызы – ер адамдар.
Кенжегүл Әріпова, облыстық фтизиопульмонология орталығының бөлімше меңгерушісі:
– Соңғы 10 жылда, 2011 жылдан бастап 2021 жылға дейін туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші облыста және тұтастай ел бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 85,8-ден 33,8-ге дейін немесе 2,5 есеге төмендеді. 2021 жылы аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 33,8-ді құрады. Ал 2020 жылы 15,7%-ке төмендеді. Сондай-ақ, туберкулезден болатын өлім-жітім жағдайлары да соңғы 10 жылда 11,8-ден 3,9 есеге төмендеген.
Туберкулез дерті төбе шашты тік тұрғызғанымен, оны дер кезінде әрі дұрыс емдесе құлан-таза айығып кетуге мүмкіндік бар. Емделуге қазіргі медицинаның қауһары жетеді. Бүгінде отандық мекемелерде ауруды дәл анықтауға және күресуге мүмкіндік беретін қондырғылар жетерлік, қауқарлы дәрі-дәрмек те қолжетімді.
Кенжегүл Әріпова, облыстық фтизиопульмонология орталығының бөлімше меңгерушісі:
– Өңірімізде халықаралық стандарттарға сай заманауи әдістер енгізілуде. Атап айтатын болсақ, қазіргі таңдағы ең қойлайлы әдістердің бірі – молекулярлық-гинетикалық әдіспен туберкулезді анықтау. Бұл үшін Gene-Xpert қондырғысы қолданылады. Аталған аппарат адамның қақырығы бойынша туберкулез бар ма, жоқ па екенін анықтайды. Анықтау процесі 2 сағатқа созылады.
Облыстық фтизиопульмонология орталығында аталған заман игілігінің 2 данасы бар. Автоматты түрде жұмыс істейтін қондырғы аудандарда да жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, тұрғындардың сынамасы Ғ.Мүсірепов, Жамбыл, Тайынша және Есіл аудандарында зерттеледі. Өткен жылы GeneXpert әдісімен 3 жарым мыңға жуық солтүстікқазақстандық тексеріліпті. Нәтижесінде 200-ден астам адамнан туберкулез дертінің белгілері табылған.
Қаныш Бижанов, облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры:
– Сондай-ақ, өңірімізде өткен жылдың 12 айы ішінде флюорографиялық тексеру жоспары 99,1%-ға орындалды. Бұл әдіс арқылы туберкулезбен ауыратын 153 науқас анықталды. Балаларды да ұмыт қалдырмаймыз. Былтыр 40 мыңнан астам ұл-қыз қаралды. Өкінішке қарай, олардың 3-еуі жұқпалы дертке шалдыққандығы белгілі болды. Жалпы, бүгінгі таңда өңірімізде 8 бала есепте тұр.
Сөз соңында айта кетейік, наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні. Бұл датаға орай өңірде профилактикалық айлық жүріп жатыр. Шара барысында облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары жұқпалы әрі қауіпті дерттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, мамандар әлеуметтік желілерде “Дәрігерге сұрақ” атты ақпараттық науқан өткізуде.
Дана Ешкенова