Денсаулық сақтау

МӘМС қоры аясында өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындыланды

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындыланды.

Былтыр 20-дан астам солтүстікқазақстандыққа қымбат ота қор есебінен жасалған. Яғни, тұрғындар ақысыз негізде қызмет алған.
Оның ішінде 16 операция жүрекке қатысты. Негізі, мұндай бір отаның орташа құны 3 млн 600 мың теңгеден асады екен. Сондай-ақ, өткен жылы тұрғындарға консультациялық-диагностикалық көмек көрсету 2020 жылға қарағанда 1,3 есеге артқан. Компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография секілді қымбат тұратын қызметтерді 23 мыңнан астам адам тегін алған. Тағы, былтыр өңірімізге МӘМС жүйесі аясында “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша 217 квота бөлінген. Бұл мүмкіндікті 213 ерлі-зайыпты пайдаланып көрді. Нәтижесінде 108 нәзікжандыға ана болу бақыты бұйырды.

Қарлығаш Ілиясова, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– 2022 жылға 203 квота бөлінді. Бағдарлама МӘМС жүйесі аясында жұмыс істейді. Бағдарламаға қатысу үшін емханада тұрғылықты жері бойынша барлық сынақтардан өту қажет. ЭКҰ процедурасы жүргізілетін клиниканы ерлі-зайыптылар ерікті түрде таңдайды, ол ӘМСҚ-мен келісім шарт жасасқан.

Эльмира Садвокасова