Денсаулық сақтау

Көпбейінді облыстық ауруханада бірегей жасанды интеллект жүйесі іске қосылды

Өкінішке қарай, елімізде инсульт алатын науқастардың саны жылдан-жылға артуда. Оған қоса, бұл дерт уақыт өткен сайын жасарып барады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бас қан айналым жүйесінің жедел бұзылуынан жыл сайын 40 мыңға жуық адам көз жұмады. Ал, аман қалғандардың 80% мүгедек болады. Сол себепті, Алматы қаласының білікті мамандары жасанды интеллект жүйесін ойлап тапқан.

Сергей Руцкий, облыстық көпбейінді аурухананың бөлімше меңгерушісі:

– Бүгін біздің ауруханада жасанды интеллект жүйесі іске қосылды. Жаңашылдық дәрігерлерге инсультты ерте деңгейде анықтап, ишемияға ұшыраған аймақты бірден білуге көмектеседі. Тағы ота жасауға қарсы көрсетілімнің бар-жоғын анықтауға септеседі. Бұл жоба компьютерлік томограф аппаратымен бірге жұмыс істейді.

Жасанды интеллект жүйесі арқылы “CEREBRA” автоматтандырылған порталы да іске қосылды. Бұл қосымшаны телефонға, планшетке немесе компьютерге жүктеуге мүмкіндік бар. Сол арқылы дәрігерлер ауруханаға түскен науқас жайлы толық ақпарат ала алады. Аталған қосымшада, тіпті, КТ-ның нәтижесі де қолжетімді болады.

Меруерт Сайфолла, ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының нейрорадиолог дәрігері

– Бұл жүйені бағдарламашылар, талдаушылар, математиктер мен дәрігерлер 3 жыл бойы әзірлеген. Өткен жылдың қаңтарында бағдарлама пилоттық жоба ретінде Алматы қаласындағы 2-ші инсульттік орталықта іске қосылды. Оның тиімділігі дәлелденді. Осыдан кейін еліміздегі медицина ұйымдарының басым бөлігі тың әдісті пайдалануға көшті.

Бүгінгі таңда «CEREBRA» автоматтандырылған порталына еліміздің 30 инсульт орталығы қосылған.

Дана Ешкенова