Бексейіт ауылындағы тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсы дейді жергілікті кәсіпкер Еркебұлан Мамбетов. Айтуынша, серіктестік атынан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық бағытта дамуына көп көңіл бөлінеді. Қазіргі күні мұндағы жұмысшылардың жалақысы 182 мың теңгеден асады екен. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда ауылдағы ағайынның табысы 40 пайызға артқан. Ал биыл тағы 10 пайызға көтерілмекші екен. Тұрғындарға берілетін пай мөлшері де көңіл көншітеді.
Еркебұлан Мамбетов, «Мамбетов и К» КС бас директоры, Мамлют ауданы:
– Серіктестікте 1762 үлескер бар. Оның ішінде 392 адам – Бексейіт ауданынынң үлескерлері. Оларға бөлінген қаражат 115,5 млн теңгені құрады.
Ал бір тонна жемнің өзіндік құны 43 мың теңге болса да ырыздық тұрғындарға санатына байланысты 18 және 36 мың теңгеден сатылыпты. Жиын барысында серіктестік басшысы алдағы уақытта атқарылатын жоспарлары жайлы баян етті. Биыл ол Бексейіт ауылын абаттандыруға 1,5 млн теңге бағыттамақ, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.
Еркебұлан Мамбетов, «Мамбетов и К» КС бас директоры, Мамлют ауданы:
– Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға – 500 мың теңге, грек-рим күресі командасын облыстық жарыстарға қатыстыруға 350 мың теңге бағытталады. Сумен қамтамасыз етуге 1,3 млн теңге бөлу жоспарланған. Кіреберіс жолдарды жазғы және қысқы кезеңде күтіп-ұстауға 1,2 млн теңге бөлу жоспарланған.
Кәсіпкерлер жыл сайын бизнестерін де дамытып, өз жұмысшылары үшін де барлық жағдайды жасап жатыр. Ауылды көркейтуге де азды-көпті үлес қосады. Әйтсе де мал асырап күн көріп жүрген қарапайым халықты ұмытып кетпеу қажет дейді тұрғындар. Айзат Жоламан есімді азамат Құмар Ақсақаловтан жайылым мәселесін шешім беруді сұрады. Айтуынша, ірі шаруа қожалықтары егістік алқаптарын кеңейткендіктен жұрттың жайылымы мен шабындықтары тарылған.
Айзат Жоламан, Бексейіт ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
– “Еңбек” бағдарламасы бойынша 3 жыл бұрын несие алып, қар мал сатып алдым. Қазір оларды асырау үлкен мәселеге айналды.
Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов аталған мәселені шешу үшін аудан басшылығына тиісті тапсырма берді. Сонымен қатар, жергілікті билік өкілдеріне жайылым мен шыбындықтың аздығына қарамай бейберекет несие бере беруді тоқтатсын деді.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Арнайы заң қабылданып шаруа қожалықтарына берілген жерлерді қайтару керек. Сол жөнінде үкіметке сұраныс тастадық.
Бексейіт ауылының тұрғындары үшін үйге ауыз су тартқызу да бір үлкен мәселе. Ауылға таза тіршілік көзі жетсе де оны баспанаға кіргізіп алу құны тым қымбат екен. Ал жалақы мөлшері аз. Тіпті, сол үшін несие алып жатқандар да бар көрінеді.
Айгүл Жүсіпова, Бексейіт ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
– Жұмыссыз отырмыз. Су тарту үшін 300 мың теңгені ешкім төлей алмайды.
Осы сәтті пайдаланып Құмар Ақсақалов өңірдің барлық кәсіпкерлеріне үндеу жасады. Аймақ басшысы халықтың жеріне иелік етіп отырған іскер жандарға көбірек жұмыс орындарын ашып, қолдарында бар мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануға шақырды. Сонымен қатар, қарапайым тұрғындарды да ұмытпай, оларға көмек көрсету керектігін айтты.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Кездесу барысында халықтың арыз-шағымдарын тыңдап, оларға көрсетілетін көмек туралы айтңыздар. Сіздер жыл сайын жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты екі қолға бір күрекпен қамту керексіздер.
Жиын барысында ауыл тұрғындары жастарға арналған жаңа мәдениет нысанын ашуды сұрады. Елді мекенде қазір тұрған клуб 50-ші жылдары ашылыпты. Облыс әкімі халықтың өтініші ескерілетінін айтты.
Бердимурат Баймухан