Сотталғандарға сырттан “сыйлық” әкелгендер құрыққа түсті! Жуырда Петропавлдың Зеречный кентінде орналасқан ЕС-164/3 мекемесінің қызметкерлері 4 ер адамды құрықтады.
Ұсталғандар – Қостанай облысының тұрғындары. Олар іргелес орналасқан өңірден «Ваз 21099» маркалы автокөлікпен арнайы келіп, абақты аумағына 8 ұялы телефон, 7 зарядтау құрылғысын және 7 сим-карта лақтырмақ болған. Тыйым салынған заттарды жедел-тергеу тобы тәркілеп алған. Айта кеткен жөн, өңірде мұндай факті үстіміздегі жылы алғаш рет тіркеліп отыр.
Рустан Ахметжанов, СҚО бойынша ҚАЖД бастығы:
– Оқиға орын алардан бір күн бұрын қолға түскен 4 адам жазасын өтеушімен мекеме қабырғасында кездескен. Келесі күні қостанайлық сол жігіттер абақтының артқы тұсынан, яғни ескі саяжай жақтан тәркіленген дүниелерді лақтырмақ болған. Мұндай іс үшін тұлға жауапкершілікке тартылады. Мекеме аумағына тыйым салынған заттар тасталған жағдайда азаматтарға ескерту жасалады немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал есірткі лақтыру жайты тіркелсе, онда құқық бұзушының үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Байболат Култанов