Елімізде жаппай иммундау шарасы басталғалы 1 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінге дейін 9 миллионнан астам ересек адам екпенің толық курсынан өткен. Ал 12 жастан асқан жасөспірімдер, бала емізетін аналар мен жүкті әйелдерге жекелей тоқталсақ, екпенің қос бірдей дозасын олардың 662 мыңы қабылдаған. Бұл ретте облыста да қарқын бәсең емес.
Ирина Абрамишвили, №1 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі:
– Өңірде 289 мыңнан астам солтүстікқазақстандық толығымен иммундалды. Бұл коронавирусқа қарсы екпе алуға жарамды азаматтардың 78 пайызын құрайды. Емхананың өзінде бізде тіркеуде тұрған 32 мыңнан астам адам екпе алды. 7 мыңнан астамы ревакцинациядан өтті.
№1 қалалық емханада тағы 12 жастан асқан жасөспірімдер, бала емізетін аналар мен жүкті әйелдер де келіп екпе алып жүр. Америкалық Comirnaty препаратын осы санаттағы 800-ден астам қабылдаған. Оның 716-сы – оқушылар. Көрсеткіш жаман емес. Алайда, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін белсенділікті арттыру қажет дейді дәрігерлер.
Ирина Абрамишвили, №1 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі:
– Өңірімізде эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Бірақ, жағаны жайлауға жіберуге болмайды. Себебі, коронавирустың бірнеше ауыр штамы бар. Соның бірі – омикрон. Вирустың бұл түрі өзгелеріне қарағанда әлдеқайда тез тарайды. Омикронға шалдыққан адам оны бірден 12 жанға жұқтыруы мүмкін. Сондықтан, инфекцияны жұқтырып алмас үшін немесе ауруды жеңіл формада өткеру үшін иммундау шарасына қатысқан абзал.
Сөз соңында айта кетейік, бүгінде солтүстікқазақстандықтарға тәж вирусына қарсы вакцинаның 5 түрі қолжетімді.
Дана Ешкенова