Жиын барысында талқыланған басты мәселе логистика төңірегінде болды. Бәрімізге белгілі, қазіргі күні қос көрші мемлекеттегі жағдай ушығып тұр. Қақтығыстың салдарынан Еуропа елдері Ресейге көптеген санкция салып, оны қыспаққа алып жатыр. Осы орайда мұның әсері елімізге тие ме, жүк тасымалдауға кедергі келмей ме деген сұрақ туындайды. Жалпы, бүгінде Қазақстанның Еуропа елдерімен алыс-берісі бір жолға қойылған. Түрлі келісім шарттар аясында тауар толқыны кәсіпкерлерге әуе, теміржол, теңіз порттары арқылы кедергісіз жеткізіледі. Бірақ, ахуал күннен күнге өзгеріп жатыр. Сол себепті, кез келген логистикалық жағдайға дайын болуымыз керек дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Кәсіпкерлер де бұл жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
Руслан Хасенов, «KAMETEX» ЖШС директоры:
– Біз америкалық және канадалық егін себуге арналған көліктер мен ауылшаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектерді сатып алумен айналысамыз. Тауардың көбісі Еуропа елдері арқылы жеткізіледі. Алдағы уақытта ешқандай мәселе туындамас үшін жүк тасымалын «Ақтау теңіз порты» арқылы жүргізсек жақсы болар еді. Яғни, Түркия мен Әзірбайжан елдері жағынан. Оның үстіне еліміздің батысында жүк тиеу және оны түсіру шаруасы өте тез жүргізіледі екен.
Бұл идеяны өзге де кәсіпкерлер қолдап отыр. Егер Ресей мен Беларусь мемлекеттері үшін шекара жабылып қалатын болса Еуропа елдері арқылы жүргізілетін алыс-беріс толығымен тоқтауы мүмкін. Қазірдің өзінде Петропавл электротехникалық зауытының өкілдері трансформатор жасауға қажет жаңа қондырғыларды ала алмай отырмыз дейді.
Мақсат Үсенбаев, «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС бас директоры:
– Біз Италиядан қондырғы күтіп отырмыз. Ресейге салынған санкциялардың салдарынан тауар шет мемлекеттен шықпай тұр. Келуін ұзақ уақыт күту қажет болады, өйткені кезек көп. Мәселен, Литва өз елі арқылы Ресейге тауар жеткізуге шектеу қойды. Егер санкциялар Беларусь мемлекетіне қарсы қолданылатын болса, біз тауарды мүлдем ала алмай қаламыз. Себебі, аталған тауарды Украина мен Беларусьтен басқа жеткізетін мемлекет жоқ. Тек Каспий теңізі арқылы болмаса.
Аталған мәселені шешуді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі “Атамекен” кәсіпкерлер палатасымен бірлесе қолға алыпты. Қазіргі күні мамандар Иран, Түркия және Әзірбайжан мемлекеттерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Ал Беларусь транзиттік тасымалдардың барлығын өз шекарасы арқылы еш кедергісіз өткізіп жатыр екен.
Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:
– Бейінді министрлік Иран, Әзірбайжан және Түркия мемлекеттерімен алдағы уақытта аталған елдердің территориясы арқылы тауар жеткізуге уағдаласты. Сол себепті, мәселе жақын арада шешілуі тиіс. Сонымен қатар, Беларусь мемлекетіндегі елшілігімізбен ұдайы хабар алмасып отырамыз. Кәсіпкерлерге де нөмірін бердік.
Шара барысында құрылыс саласы бойынша да сұрақтар түсті. Кәсіпкерлердің сөзінше бүгінде нысан тұрғызуға қажетті материалдардың бағасы тағы да 10-20 пайызға қымбаттапты
Ольга Исакова, «Барс-NORD» ЖШС директоры:
– Қазақстанда «әрлеме кірпіші» атымен жоқ. Оның бәрін біз Ресейден сатып аламыз. Сонымен қатар, Петропавлда қызыл кірпіш шығаратын зауыт жоқ. Біз оны Алматыдан жеткіземіз. Жол алыс болғандықтан оған қаншама шығын кетеді. Ұзақ күту, жүкті артып-түсірудің өзі жұмысты тежейді. Қазақстанда әйнек, линолеум, фаянс тақталары да өндірілмейді. Олардың барлығын Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінен әкелеміз.
Осы орайда мамандар жергілікті биліктен облыста құрылысқа қажетті материалдарды өндіретін зауыттарды ашуды сұрады. Бастама қолға алынса, тапшылық жойылып, қымбатшылық тоқтайды.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Көктемде Подгорное ауылындағы кірпіш өндіру зауыты іске қосылады. Осылайша облыстағы сұранысты толығымен жаба аламыз. Ал құрылысшылар болса материалдың қымбаттауы туралы ақпаратты жергілікті билікке бірден айтып отырулары керек. Осылайша тиісті шаралар қолға алынады, қолдау көрсетіледі.
Ал азық-түлік жайында облыс тұрғындарына уайымдаудың қажеті жоқ. Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қоры жеткілікті екенін айтты. Яғни, тапшылық туындамайды.
Бердимурат Баймухан